Жоғары білім берудің жаңа платформасы іске қосылды

Жоғары білім берудің жаңа платформасы іске қосылды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Coursera платформасында болашақ педагогтерді сапалы даярлауға бағытталған бастаманың іске қосылғанын хабарлайды. Қазақстандық жоғары оқу орындары енді студенттерге жаңа білім мен дағдыларды кезең-кезеңімен игеруге мүмкіндік беретін, студенттер мен магистранттарға арналған жеке білім беру траекторияларын (Learning Paths) құра алады.

Бұл траекторияларға болашақ мұғалімдердің негізгі құзыреттерін дамытуда арнайы таңдалған курстар мен жобалар кіреді. Траекториялар «Педагог» кәсіби стандартының талаптары негізінде қалыптасады. Болашақ педагогтер әлемнің жетекші университеттерінің курстарын қамтитын оқу бағдарламаларын әзірлеп, оқу процесін ұйымдастырып, студенттердің нәтижелерін бағалай алады. Сондай-ақ заманауи білім беру технологияларымен және жасанды интеллектпен жұмыс істей алады. Осы арқылы күрделі тақырыптарды тиімді оқытуға, уақытты басқаруға және оқушылардың өзін-өзі реттеу дағдыларын дамытуға көмектесетін әдістерді игере алады.
Осылайша болашақ мұғалімдерге білім беру процестерін тереңірек түсінуге және жақсартуға мүмкіндік беретін зерттеу дағдылары мен педагогикалық квалиметрияны дамытуға бағытталған траекториялар жасалады. Осы барыста студенттер икемді дағдыларды дамыту мен алғашқы психологиялық көмек көрсету курстарында эмоционалды интеллект, көшбасшылық, топтық жұмыс және стресске төзімділік тақырыптары бойынша білім алатын болады.
Университеттер Coursera каталогынан дайын траекторияларды таңдай алады немесе өздері жасай алады. Студенттер траектория аяқталғаннан кейін өздерінің кәсіби дағдылары мен құзыреттерін растайтын ЖОО логотипі бар цифрлық белгіні (Digital badge) алады.
Ведомство Қазақстандағы мамандарды даярлау халықаралық стандарттарға және қазіргі еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес келуі үшін жұмысты жалғастыруда.

Жаңалықтармен бөлісу