Жиырма миллионның «жыры»

Жиырма миллионның «жыры»

Қостанай облысының Мемлекеттік кірістер департаменті жүк тасымалдап жүрген қостанайлық кәсіпкерлерге  жалпыға бірдей салық төлеу жөнінде хабарлама жіберген. Яғни, белгілі бір агенттік оларға  келісім-шарт ұсынып, заңсыз  жұмыс істеп келгені анықталды.

 – Бұл делдалдар да  осындай қыз-мет түрін жүзеге асыратын өзге  салық төлеушілер сияқты.  Олар жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін қолдануға құқылы емес. Өйткені, Салық кодексінің 683-бабына сәйкес бұл өрескел заң бұзушылық болып есептеледі, – дейді облыс бойынша Мемлекеттік кіріс-тер департаментінің бөлім басшысы Рүстем Құсалин.

Бұған кәсіпкерлер наразы. Олардың қай кезде заң бұзып үлгергені енді  ғана белгілі болды. Шынында да, жүк тасымалдау саласында олар бұрыннан тіркелген. Мәселен, Анна Меленберг жүк тасымалымен 2016 жылдан бастап айналысады.  Салық қызметкерлерінің хабарламасына сәйкес, кәсіпкерлер жалпыға бірдей белгіленген режимге 2020 жылдан бастап ауысуы керек.  Бірақ, осы үш жылда олар салықты “жеңілдетілген” түрде төлеп келген.

– Жалпыға бірдей белгіленген режимде тек таза кірістерден салық төлеу үшін шығындарды көрсету қажет. Ал қазір біз бүкіл айналымнан салық төлеуге мәжбүр болып отырмыз. Көрсетілген үш жылдың бедерінде кей кәсіпкердің айналымы 200 млн теңгеге дейін жетті. Сондықтан  бізді  20 млн теңгені үстіне қосылған 3-4 млн теңге өсімпұлымен қоса төлеуге міндеттеп отыр. Бұған бәрінің бірдей шамасы жетпейді. Мұндай табысымыз жоқ, – дейді  кәсіпкер Анна Меленберг.

Қазірдің өзінде 150-ден астам кәсіпкер осындай жайсыздыққа тап келіп отыр.  Бұдан қалай шығуға болады? Кәсіпкерлер осыған бас қатырып жүр.

– Біз  хабарламаның  заңсыз екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Бұл жүйенің дұрыс жұмыс істемегенін көрсетеді. Кезінде кәсіпкерлерді тіркегенде мұндай өрескелдік болмаған. Яғни, біз ЭҚЖЖ-ні (экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші)   заңсыз орнатқан болып шығамыз. Амалсыз шағымдануға тура келеді, – дейді кәсіпкер Аян Абитов.

Жалпы, кәсіпкерлер жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне өтуге қарсы емес. Алайда, қосымша есептелген салықтар, өсімпұлдар мен айыппұлға  шамамымыз жетпейді деп отыр.  Олар  мәселені шешуге кәсіпкерлер мен заңгерлер палатасының араласуын сұрайды.

Әлібек ЫБЫРАЙ.

 

Жаңалықтармен бөлісу