Жітіқаралық ұстаз өндірістік оқыту шеберлерінің үздігі атанды

Жітіқаралық ұстаз өндірістік оқыту шеберлерінің үздігі атанды

Жітіқара политехникалық колледжі облыстағы үздік оқу орындарының бірі. Аталмыш білім ордасының еңбек нарығында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауда атқарып жатқан жұмысы орасан зор.

Бұға қоса, колледж  студенттері мен оқытушылары да түрлі облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындардан көрініп, оқу орнының атағын асқақтатып жүр.

Бұл жолы өзі білім беретін колледждің ғана емес, Жітіқара ауданының намысын республикалық деңгейде арнайы пән оқытушысы Тимур Исмурзинов қорғаған болатын.

 Ол электрмен жабдықтау мамандығы бойынша арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің республикалық олимпиадасына қатысты. Олимпиадада Қазақстанның әр өңірінен, соның ішінде Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Көкшетау, Павлодар, Талдықорған, Шымкент, т.б. өңірлерден барлығы 94 мұғалім мен өндірістік оқыту шеберлері бақ сынасты. Олимпиада екі кезеңде өтті: I кезең – теориялық, яғни екі модульден тұрды – тестілеу және онлайн форматта схемаларды құрастыру. Ал, екінші тәжірибелік кезең Қостанай политехникалық жоғары колледжінде өтті. Мұнда өндірістік оқыту шеберлері олимпиаданың үшінші модулі бойынша сынға түсті. Ол стендте асинхронды қозғалтқышты іске қосу үшін реверсивті схеманы құрастыруды қамтиды: қажетті компоненттерді (амперметрлер, конденсаторлар, электр қозғалтқышының орамдары, басқару схемалары) модульдік қосу қажет болды.   Олимпиада өздерінің кәсіби білімдері мен дағдыларын ғана емес, сыни және шығармашылық ойлау, қарым-қатынас және топта жұмыс істеу қабілеттерін көрсеткен мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби өсуінің тамаша алаңына айналды. Сөйтіп, республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша бірінші кезеңде Тимур Исмурзинов Гран-при иеленсе, екінші кезеңде жүлделі орын алды. Айта кету керек, бұл оның бірінші жетістігі емес, республикалық мәртебелі байқауларда арнайы пән оқытушыларының үздік үштігіне бірнеше рет енген Тимур Исмурзиновтың еңбегі облыс көлемінде де аталып өтуде. Өткен жылы білім мен ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін есімі облысымыздың жұлдызды жастарының кітабына енді. Электр монтаждау жұмыстарының World Skills саласының бас маманы Исмурзиновтың ұстаздық шеберлігі оның шәкірттерінің жетістіктерімен расталады. Соңғы «World Skills Kostanay-2023» облыстық чемпионатында «Электр монтаждау жұмыстары» құзыреттілігі бойынша Тимур Серікұлының шәкірті Сергей Апелганс бірінші орынды иеленді.

            “Республикалық олимпиадаға қатысудың өзіме де, шәкірттеріме де берген нәтижесі зор болды. Сондай сайыстардың арқасында жинақталған баға жетпес тәжірибе мен шығармашылық әлеуетті жүзеге асыруға, өз біліктілігімізді арттыруға және кәсіби-педагогикалық шеберлікті дамытудың жаңа жолдарын түсінуге тамаша мүмкіндіктер берді”, – дейді  Тимур Исмурзинов.

Жітіқара ауданы

@gazetakm

Жаңалықтармен бөлісу