Кешкі жарыққа бөленген әсем субұрқақ, балалардың шат күлкісі, серуендеген отбасылар… Бүгінде Жітіқара қаласындағы 6-шағынауданда орналасқан жаңартылған субұрқақ тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналды.
Абаттандыру жұмыстары аясында нысан толықтай қайта жаңғыртылып, субұрқақтың жұмыс жүйесі қалпына келтірілді.
Айналасы абаттандырылып, заманауи сәулеттік жарықтандыру орнатылды. Нәтижесінде бұл орын күндіз де, кешкі уақытта да қала көркін айшықтайтын ерекше қоғамдық кеңістікке айналды.
Мұндай жобалар тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, балалардың қауіпсіз ойнап, отбасылардың еркін демалуына мүмкіндік береді. Әдемі қала – әр тұрғынның ортақ мақтанышы.
Алайда мұндай игіліктің ұзақ сақталуы әрқайсымызға байланысты. Өкінішке қарай, кейбір келушілер қоқыс қалдырып, ортақ мүлікке ұқыпсыз қарайды. Бір сәттік немқұрайлылық көптің еңбегін жоққа шығаруы мүмкін.
