21.09.2025
Жітіқарада жалынды жастар бас қосты

Жітіқарада жалынды жастар бас қосты

Жастарды қолдау мен олардың кәсіби және жеке өсуіне ықпал ету мақсатында Жітіқара ауданында «JITIQARA JASTARY» атты жастар фестивалі ұйымдастырылды. Оған аудандағы мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында, өндірісте тағы басқа да салада жұмыс істейдін білсенді жастар қатысты.

Жастар басқосуы Денисов ауданындағы «Солнечный» балалар лагерінің аумағында өтіп, екі күнге созылды.

blank blank blank blank blank blankФестивалдің алғашқы күні қатысушылар маңызды тақырыптарды қамтыған бірнеше секцияға бөлінді. Олардың бірінде Allur зауытының GR және PR қызметінің басшысы Серік Манасбаев жастарға жұмыстағы өсу мен дамудың маңыздылығы туралы айтып берді.

blank

«Жітіқара ауданының жастарымен өте жемісті кездесу өткіздім. Әңгіме барысында біз кәсіби дамудың қыр-сырын, жұмыста жетістікке жетуге көмектесетін қасиеттерді талқыладық. Мен өз тәжірибеммен бөлісіп, жас мамандардың пікірлерін тыңдадым. Біз еңбек жолын енді бастаған жастардың алдында тұратын қиындықтарды, адамдармен тиімді қарым-қатынас орнатуды сөз еттік. Жұмысқа дұрыс көзқараспен қарауды, үнемі дамып, жаңа білім алуды және әріптестермен байланысты нығайт жайлы айттық. Сондай-ақ, тәлімгерлік институтының маңыздылығын ерекше атап өттім. Жастармен араласқаннан кейін, мен олардың жауапкершілігі мен саналылығына тәнті болдым. Олар не үшін келгенін және не қалайтынын жақсы түсінеді. Мұндай белсенді жастар тек алдыға жылжып, өсуі қажет», – дейді Allur зауытының GR және PR қызметінің басшысы Серік Манасбаев.

Екінші секцияда психолог Балшекер Тұйғанова жеке және отбасылық құндылықтарға тоқталып, жастардың ішкі әлемін дамытуға бағытталған кеңестер берді. Бүгінгі таңда қоғамда отбасы, отбасылық қарым-қатынас мәселелері аса маңызды орын алады. Психолог ретінде маман, бұл тақырыптың жастар үшін өзектілігін ерекше атап өтті.

blank

«Семинарда осы мәселелерді кеңінен талқыладық. Эмоционалды интеллект, адаптивті интеллект, әлеуметтік интеллект сияқты базалық дағдылардың отбасы өміріндегі маңызына ерекше назар аудардық. Өйткені, бұл дағдылар отбасылық келіспеушіліктерді шешуге, бір-бірін түсінуге және өзара қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Мені ең қуантқаны – біздің жастарымыздың ашықтығы мен белсенділігі. Олар өздерің дамытуға, жаңа білім алуға деген ынтасының жоғары екенін көрсетеді. Мұндай ашық диалогтардың арқасында олар тек теориялық білім алып қана қоймай, оны өмірде қолдану жолдарын да үйренеді. Егер біз осындай білім беру іс-шараларын, тренингтерді жиі өткізіп тұрсақ, болашақта өз отбасын саналы түрде құратын, отбасылық құндылықтарды бағалайтын жастардың қатары артады деп нық сеніммен айта аламын», – дейді психолог Балшекер Тұйғанова.

Ал үшінші алаңда «Жастар Рухы» Қостанай облысы бойынша ҚҚ директоры Аружан Сарсенбаева әлеуметтік жобаларды қалай жазу керектігін түсіндіріп, жастардың қоғамдық бастамаларын қолдауға шақырды.

«Жітіқара жастары» атты креатив фестивалі аясында мен әлеуметтік жобаларды жазу бойынша арнайы тренинг өткіздім. Алдымен қатысушылармен танысып, олардың әртүрлі сала мамандары екенін байқадым. Әңгімемізді олардың қызығушылықтары мен тәжірибесін анықтаудан бастадық. Бұл қадам жобаны әзірлеу кезінде әр қатысушының әлеуетін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Тренинг барысында әлеуметтік жоба жазудың негізгі талаптарын түсіндірдім. Жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін қатысушыларды төрт бағытқа бөлдім, олар спорт, мәдениет, ғылым және ІТ. Әркім өз қызығушылығы мен тәжірибесіне сай топқа қосылып, белсенді түрде идеяларын ортаға салды. Топтар бірлесе жұмыс істеп, өз жобаларын дайындап, таныстырды. Мен олардың ұсыныстарын тыңдап, жетілдіретін тұстарын атап көрсеттім және нақты бағыт-бағдар бердім. Бұл тренингтің нәтижесінде қатысушылар әлеуметтік жобаны жазудың құрылымы мен логикасын меңгеріп қана қоймай, өз идеяларын қоғам игілігіне айналдыруға мотивация алды. Алдағы уақытта ауданда әлеуметтік жобалар жәрмеңкесі өткізілсе, қатысушылар өз жобаларымен белсенді қатыса алады деп үміттенемін. Бұл жастардың қоғамдық мәселелерді шешуге қосқан үлесі болып, олардың болашақтағы табысты бастамаларына жол ашады», – дейді «Жастар Рухы» Қостанай облысы бойынша ҚҚ директоры Аружан Сарсенбаева.

Әсел Есмұхамбетова білім саласында жұмыс істейді. Оның тобы «Quiz time» жобасын жазып, қорғады.

blank

«Интеллектуалды квиз жобасын жазып шықтық. Қазіргі күні бұл ойын түрі жақсы дамып келеді. Бұл қатысушылардың білімін, логикасын, тапқырлығын және жалпы эрудициясын талап ететін, ойын-сауық форматындағы зияткерлік жарыс. Ойын, әдетте, командалық түрде өткізіледі, мұнда командалар әртүрлі саладағы сұрақтарға жауап береді. Квиздің негізгі көздегені — тек білімді тексеру ғана емес, сонымен қатар қатысушылардың уақытты қызықты өткізіп, бір-бірімен қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беру. Біз де өз ауданымызды жеті сайын жастардың басын қосатын осындай квизді дамытсақ дейміз. Жалпы алғанда жастар фестивалі жоғары деңгейде өтті. Өңірге белгілі спикерлерден жақсы мағлұмат алдық. Өзге саладағы қатарластарымызбен дидарласудың сәті түсті», – дейді қатысушы Әсел Есмұхамбетова.

Түстен кейін Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары Фархад Балашовтың қатысуымен өткен салтанатты ашылу рәсімі болды.

blank

«Жітіқара ауданы әкімдігі үшін жастарды қолдау, олардың дамуына жағдай жасау – басты басымдықтардың бірі. Біз сіздердің бойларыңыздағы белсенділік пен шығармашылықты жоғары бағалаймыз. Фестиваль – жаңа идеяларды іздеуге, өзара тәжірибе алмасуға және достық қарым-қатынас орнатуға тамаша мүмкіндік береді. Біздің ауданымыздың дамуы, оның гүлденуі – сіздердің қоғамдық және кәсіби өмірге белсенді араласуларыңызға тікелей байланысты. Осы фестиваль сіздер үшін тек көңілді демалыс қана емес, сонымен қатар жаңа білім алу, жаңа мақсаттар қою алаңы болсын деп тілеймін. Фестиваль барысында жарқын идеяларыңызбен, ұшқыр ойларыңызбен бөлісіп, үлкен жетістіктерге жетеді деп сенемін», – деді Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары Фархад Балашов.

Одан кейін әкім белсенді жастармен «галстуксыз» форматта еркін кездесу өткізіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Бұл кездесу жастарға өз ойларын еркін білдіруге және аудан басшысымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

blank

«Жітіқара политехникалық колледжінің студентімін. Мен бұл фестивальге қатарынан үшінші жыл қатысып отырмын. Бұл жер әрқашан керемет, эмоцияға толы, көптеген іс-шаралар, адамдармен танысуға мүмкіндік көп, бәрі өте мейірімді, ашық. Мұнда бәрімен сөйлесуге, жаңа байланыстар орнатуға болады. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жыл сайын ұйымдастыру сапасы артып, жаңа бағдарламалар, байқаулар, тренингтер көбейіп келеді», – дейді белсенді жас Полина Подчищаева.

Бағдарлама барысында қатысушыларға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. «Тимбилдинг», «Спорттық ойындар» және «Интеллектуалды ойындар» жастардың бір-бірімен жақынырақ танысуына және командалық рухты нығайтуына септігін тигізді. Кешке қарай «От жанындағы кеш» ұйымдастырылып, «Туған жер» этно стиліндегі үздік костюмдер байқауы мен интерактиві өтті. Бұл іс-шаралар жастардың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттырды.

Фестивалдің қорытындысында әр мекеменің намысын қорғап келген жастардың екі күндік жұмысы сараланып «Жітіқара ауданының үздік ұйымы» анықталды. Нәтижесінде аудандық білім бөлімінің жас мамандары үздік деп танылды. Оларға 100 мың теңгенің сертификаты мен алғыс хат табысталды. Фестивальге қатысқан әрбір жас өз ауданының дамуына үлес қосуға деген ынтамен қайтты.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – Жітіқара ауданы жастар
ресурстық орталығы

Жітіқара ауданы