Жітіқара ауданында “Тың-2023” XXXII аудандық спартакиадасы өтті

Жітіқара ауданында “Тың-2023” XXXII аудандық спартакиадасы өтті

Жітіқара ауданының Ырсай ауылында “Тың-2023” XXXII аудандық жазғы халық ойындары спартакиадасы өтті. Осы жолғы спорт думаны ауданның 95 жылдығына арналды. Он бір ауыл мен ауылдық округтен келген спортшылар 11 ойын түрінен тартысқа түсті.

Осындай ауқымды спорт сайысы халықты бұқаралық спортқа баулуға сеп болады. Сондай-ақ, саламатты өмір салтын насихаттау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Спартакиаданың ашылуында әр ауылдан келген командалар таныстырылды. Дәстүрге айналған додада Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегенов қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Ауқымы кең “Тың–2023” аудандық жазғы халықтық спорт ойындары спартакиадасы 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Биылғы спартакиада Жітіқара ауданының 95 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекет спортты дамытуға бар жағдай жасап келеді. Ауданда сауықтыру спорт кешені жұмыс істеп тұр. Жаттығу алаңдары да орнатылды. Өткен жылы 2 ауылда балалар ойын алаңы орнатылса, биыл 6 ауылында салынатын болады. Ырсай ауылда спартакиада жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Ауылдық стадионға аудандық бюджет қаражат есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жүгіру жолағы “Қостанай минералдары” АҚ, ал  балалар ойын алаңы “Варваринское” АҚ демеушілігімен салынды. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен 20 млн теңгеге мектептің жылу жүйесі жаңартылуда. Мектеп қазандығы “Қостанай минералдары” АҚ көмегімен ғимарат сыртына шығарылды. Ауылға кіретін Набережный көшесіне орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі. Өткен жылы ауыл көшелері 100% жарықтандырылған, – деді аудан әкімі Нұржан Өтегенов.

Аудан басшысы осы жылғы егіс науқанына атсалысып, көктемгі дала жұмыстарын сәтті аяқтаған бірнеше диханды Құрмет грамотасымен марапаттады. Еркебай Байарыстанов 1976 жылдан бері механизатор болып қызмет етіп келеді.

– Жітіқара ауданында туып-өстік, білім алып жас кезімізден еңбекке араластық. Күні бүгінге дейін шаруа-
шылықтың басы-қасында жүрміз. Жағдай жақсы жасалған. Отын, шөбімізбен қамтамасыз етіп отырады. Баяғыдай емес, техникалар қатары да жаңарды. Жұмысқа жастар келіп жатыр, соларға бар білгенімізді үйретіп жүрміз, – дейді майталман механизатор Еркебай Байарыстанов.

Ауылда 400-ден аса тұрғын бар. Ауыл жастары спортқа бейім. Ауыл әкімі Валерий Кулаков жарыс өтеді деген күннен бастап тұрғындар тарапынан да қолдау болып,  барынша көмек бергенін айтады.

– Тұрғындарға алғысым зор, қолдарынан келгенше көмектерін аямады. Бұндай іс-шара ауылда жыл сайын өтпейді ғой. Спартакиаданың арқасында ауылда спорт және балалар ойын алаңы салынды. Жүгіру жолағы төселді. Мектептің жылыту қазандығы сыртқа шығарылып, жылу жүйесі жаңартылып жатыр. Ауыл жастары спорттық жарыстарға қызу дайындалды. Футбол мен волейболдан ауыл жастарының көрсеткіші жақсы, – дейді ауыл әкімі Валерий Кулаков.

Жергілікті тұрғындар Денисов және Қамысты ауданынан арнайы келген өнерпаздардың өнерін тамашалады. Ханшайым Қазыбаева Ырсай ауылының тұрғыны. Ардагер ұстаз. Ауқымды іс-шараның ауылдарында өткеніне разы. Тұрғындар да түрлі жарыстарға куә болып, бір сергіп қалғанын айтады.

– Ырсай ауылы үшін үлкен мереке. Жастардың спортпен айналысуына түрлі алаңдар салынды. Оған өзіміз куәміз. Тұрғындар да концерт тамашалап, спорттық жарыстар  көріп бір жасап қалды, – дейді ауыл тұрғыны Ханшайым Қазыбаева.

Әр жарыс түрінен жеңімпаздар 3 орын бойынша медальдармен марапатталды. Футболдан Аққарға ауылының командасы бірінші орынды жеңіп алды.

– Ауылда көбіне футболды жақсы ойнайды. Жаз басталғаннан бері күнде кешкісін ауылдастар жиналып ойнамыз. Сол себепті ойын қиынға соққан жоқ. Қарсыластар да осал болмады. Дегенмен, екі ойын өткізіп, жеңіске жеттік, – дейді Қайрат Ердәулетов.

Барлық ойындардың бас төрешісі аудандық спорт бөлімінің басшысы жерлестердің спортқа деген ынтасының ерекше екенін атап өтті.

– Қай спорт түрін айтсақ та нәтиже жаман емес. Аудан намысын қорғап жүрген осы ауыл жастары. Сол себепті әр ауылда спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Спорттық нысандар да жаңартылып жатыр. Аймақтық жарыстар болып, финалы спартакиада шеңберінде өтті. Осы жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарды облыстық “Тың–2023” спартакиадасына апаратын боламыз, – деді Азамат Жұмағұлов.

Спартакиада да әр жарыс түрінен ұпайлар есептеліп, озық шығып, үштікке іліккен ауылдарға 100, 200 және 300 мың теңгеден сыйақы берілді. Нәтижесінде ұпай саны бойынша үшінші орынды Милютин ауылы иеленді. Екінші орынға Забелов ауылы тұрақтады. Бірінші орынды спартакиада өткізген Ырсай ауылы жеңіп алды. Келер жылы “Тың–2024” XXXIII аудандық жазғы халықтық спорт ойындары Забелов ауылында өткізілмек.

Жаңалықтармен бөлісу