Алтынсарин ауданы Щербаков ауылында тұратын Әлтай ата мен Зылиха апаның отау құрып, шаңырақ көтергендеріне – 50 жыл. Отбасы осынау қуанышты атап өтеміз деп тойға дайындалып жатыр.
Алыс-жақыннан балалары, немерелері, құда-құдағилары, туыс-жекжат келіп, қара шаңырақ қуанышқа кенелуде. Кез келген отбасыда “Алтын той” – мереке. Бұл қуанышқа жеткен жұптың балалары жақындарының арасында ұлан-асыр той жасаса жарасымды емес пе.
Уақыт деген тым жүйрік қой. Осыдан елу жыл бұрын небәрі 17 жасар бойжеткен мен 22 жасар бозбала еді. Сөз байласып, серттесті. Науырзым ауданының Қожа ауылында үй болып, шаңырақ көтерді. Еңбек етіп, балалы болды. Қазақ баланың санын айтпаған халық. Құдай бұлардың отбасын баламен толтырды. Соларды ешкімге алақан жаймастан, бала күтіміне байланысты демалысқа шықпастан өсіріп шықты. Сонысына қарамастан үзіліссіз бірден төрт жерде еңбек етті. Оның сыртында енені бағып та келіндік міндетін адал атқара білді. Енді, міне, бір кездері бүр жарған қос шыбық қазір мәуелі бәйтерекке айналған.
– Бала бағып үйде отыратын шама болмады. Оларды жеткізу керек. Балалар бірін-бірі бақты. Жолдасыма қарап отырмадым. Еңбек етіп, соларды жеткіздік. Отағасы да қырық жыл трактор жүргізіп, ауылда депутат болды. Еңбек етуден қорыққан емеспіз. Құдайға шүкір, қазір сол еңбектің рахатын көріп, балалардың ортасында отырмыз, – дейді Зылиха апа.
Нарық жылдарында шалғайдағы ауылда тұру оңай болмады. Бір ірі қараға бір қап ұн алатын кездер де өтті. Осы жылдары отбасы Алтынсарин ауданының Щербаков ауылына көшіп кетті. Қазір сол ауылға сіңіп, еткен еңбегі мен көркем мінезімен өзгеге өнеге болған әулеттен өрбіген ұрпақ та өз ортасына сыйлы азаматтар.
– Туған ауылымыздан көшіп кету оңай болмады. Бірақ жайлы жерді кім іздемеген. Тұрмыс қиындап кеткен кездер болды. Ойласа келе балалар қолдап, осы ауылға көштік. Міне, мұнда келгенімізге де 20 жылдан асыпты. Халқы да, жері де тамаша. Өзің сыйласаң сыйлы боласың. Щербаков біз үшін құтты мекен. Осы ауылда балалар үйлі болды. Немерелер дүниеге келді. Кенже қызым Жансая Ермағанбетова спорт шебері атанып, талай елді аралап, өзін мойындатты. Бүгінде елдің намысын қорғап жүр. Өзі талпынды. Дегеніне жетті. Қыздарымның бірі қолынан өнер тамған шебер. Балалардың барлығы да өз орындарын тауып, өмірге араласты. Енді немере, шөберенің қызығын көріп отырған жайымыз бар. Бірақ спорттан атағы шығып жүрген Жансаяма дұрыс қолдау болмай, баспанасыз жүргені жаныма батады. Қаласа қуанышты күнге де жетерміз, – деп сөзге араласты отағасы Әлтай ата.
Елу жыл бір күндей өтіп, мәуелі бәйтерекке бірден айнала қойған жоқ. Олар да небір қиыншылықтан бірге өтті. Бастысы отбасының бірлігі мен берекесін ұстап тұру әйелге көп байланысты екенін баса айтты Зылиха апай.
– Бар жағдай бар, бәрі дайын болса да баяғыдай тыныш заман жоқ. Бұрын жеңілірек болды ма деп ойлаймын. Қазіргі қоғамда ажырасу мәселесі көп. Естіп, көріп жатырмыз. Осы мәселені түбегейлі шешудің жолы жастардың бір-біріне адалдығы, сенімі, сыйластығында жатыр. Біздің де елу жыл бойы өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татып келе жатқан жайымыз бар. Ең бастысы – сыйластық, екі адамның бір-бірін түсіне білуі, бірлік пен қатар еңбек етпек керек. Еңбек еткен адам көркейеді, жарқырайды, ортасына сыйы арта береді. Ізімізді басып, шаңырақ көтеріп жатқан жас отауларға айтарым біріңді-бірің сыйлаңдар дегім келеді. «Ашу – дұшпан» деген, ашуды артқа тастап, тек алға ұмтылу керек деп ойлаймын. Балаларыма да заманыңа бейімделе біліңдер деп ақыл айтып отырамын. Жас келін де келген жерін өз үйім, өзімнің отаным деп білсе барлық қиындық артта қалады. Өзімнің үйім – өзім көркейтемін десе шаңырақ биік болып, бақытты ғұмыр кешпек. Осыны ерлі-зайыптылар түсінсе деймін, – деп аналық ақылын қосты.
Зылиха апа әлі де қарап отырмайды. Жаз болса бау-бақша егіп, өнімін алады. Одан қалды сүт өнімдері құрт, май, қаймақты да өндіріп, сататыны бар. Еңбек етіп қалған адамға қол қусырып отыру қиынның қиыны.
– Осы еңбекке адалдығымыздан болар бір жылдары біздің отбасымызды журналистер келіп жазды. Он бала туып, “Алтын алқалы” болсам да сол алқаны ала алмай жүрген едім. Сол жайымды бір ауыз ғана айтып едім, көп уақыт өтпей мәселе тез арада шешіліп, кеудеме Алтын алқамды тақты. Еңбегімізді бағалап, үлгілі отбасы деп келіп тұратын журналистер қауымына ризамын. Сыйлап жатқан еліме, ауылдастарыма да алғысым шексіз. Көршілерім өзге ұлт өкілдері болса да сыйластығымыз, бір-бірімізге деген құрметіміз ерекше. Қандай қуанышымыз болсын, қиындығымыз болса да біргеміз, – дейді ерлі-зайыптылар.
«Алтын тойға» жеткен адам көп емес. Шаңырық көтерген жастардың барлығы да осы тойға жетіп, жапырағын жайса дейсің. Әр жанұяның қос тіреуі барша отбасыларға бақытты ғұмыр тіледі. Әр жылы өнегемен өрілген алтын тойын тойлаған отбасылар елімізде көбейе берсін.
Алтынсарин ауданы