Қостанай облысында республикалық маңыздағы KAZ13 «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автомобиль жолының 323-339 шақырым аралығындағы (Бала-Терісаққан өзені арқылы өтетін көпірден Арқалық қаласына дейінгі) учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
KAZ13 автожолы еліміздің маңызды көлік дәліздерінің бірі. Ол орталық Қазақстанды солтүстік өңірлермен байланыстырады.
Қостанай облысының аумағынан өтетін бұл автожол:
— өндірістік орталық саналатын Жезқазған қаласы мен солтүстік өңірлер арасындағы тікелей көлік қатынасын қамтамасыз етеді;
— Астана арқылы айналып өтпей, орталық пен солтүстік аймақтар арасындағы қашықтықты қысқартуға мүмкіндік береді.
Аталған учаскеде соңғы рет ірі жөндеу жұмыстары 1980–1984 жылдары жүргізілді. Осы уақыт аралығында жергілікті шұңқырларды тегістеуден басқа жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, жол жабындысы айтарлықтай тозып, қанағаттанарлықсыз күйге түсті: көптеген бөліктерде ойықтар, шұңқырлар мен тегіс емес жерлер пайда болған.
Орташа жөндеу жұмыстары аясында келесі жұмыстар орындалды:
— жаңа материал қосып, 25 см тереңдікте ресайкілеу жұмыстары жүргізілді;
— қалыңдығы 6 см болатын ірі түйіршікті тығыз асфальтбетон қоспасынан төменгі қабат төселді;
— қалыңдығы 5 см болатын майда түйіршікті тығыз асфальтбетон қоспасынан үстіңгі қабат төселді;
— жол жиегі нығайтылды;
— жол таңбалары сызылды;
— жол белгілері орнатылды.
Жөндеу жұмыстарына 40 бірлік жол-құрылыс техникасы мен 60 адам жұмылдырылды. Барлық жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес мерзімінде толық орындалды.
