Қазір елімізде 250-ден астам ғалым Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазып жатыр. Оған 60 шетелдік маман да жұмылдырылған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан еді. Осы жөнінде Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми зерттеу тобының мүшесі, ғылым кандидаты Айбек Шалғымбекпен әңгімелескен едік.
– Айбек Батырханұлы, жуырда Мемлекет басшысының бастамасымен жеті томдық академиялық тарих жарыққа шыққалы жатыр. Осы бір ауқымды еңбекке ғылыми зерттеу тобының мүшелері қай жағынан үлес қоспақ?
– Негізі, бұл жұмысқа төрт жыл бұрын кіріскенбіз. Әуелгі меже бес том болған. Кейін ақылдаса келе, кеңейтіңкіреуге шешім қабылдадық. Кезінде құнды деректерді жинақтап, тарихымызды академик Манаш Қозыбаев бастап жазып кеткен еді. Одан бері отыз жыл өтті. Қаншама архив деректері ашылып жатыр. Сондықтан тарихымызды қаттауды жаңаша көзқараспен қайта қолға алған жайымыз бар. Алғашқы томы археологияға негізделген. Бұл тарауы Ғылым академиясының Археология институтының ғалымдарына тапсырылды. Екінші, үшінші, төртінші томдары орта ғасырлық тарихымызға арналады. Мұнда Түркі қағанатынан бастап, Алтын орда, Қазақ хандығы тұсындағы өмір, ахуал, мәдени тұрмыс, салт-дәстүрлер, шаруашылық сипатталады. Бұл үш томды Президенттің бастамасымен құрылған “Жошы ұлысы” зерттеу институты қолға алып жатыр. Бесінші томда Ресей империясының құрамындағы қазақ елінің тарихы баяндалса, алтыншы том Кеңес дәуірі кезеңін, жетінші том қазіргі Қазақстан тарихын қамтиды. Бұл жұмыстармен Мемлекеттік құқық институты айналысу үстінде. Бізге бесінші томы тапсырылды. 18-19 ғасырдағы отарлау саясаты жайлы зерттеп-зерделеп, жүйелеп жазып, дер уақытында тапсырдық.
– Саясатты ғылыми тұрғыда зерделеп, шетелдік ғалымдардың алдында пайымдау күрделі шаруа екені белгілі. Әсіресе, қылышынан қан тамған отарлау саясатын жіктеп-жіліктеп беру қиынға соққан болар?
– Бұл томның екі параграфына өз үлесімді қостым деп айта аламын. Солтүстік аймақтың тарихын көбірек зерттеуге ұмтылдым. Өзімді орыс әскери бекінісінің құрылысы әуелден қызықтырып келген. Оған кезінде жерлесіміз, академик Манаш Қозыбаевтың өзі себепші болған еді. 1990 жылдары кабинетіне шақырып алып: “Өзің Қостанайдан екенсің. Ол жақта отарлау саясатының ықпалы басылмай тұр. Сол туралы көбірек зерттеп, жазу керек. Тарихымызға жаңаша өң, жаңа көзқарас беретіндей деректер қосу қажет. Архивтерге барып, іздене бер!” – деді. Содан үлкен ғалым айтып, сенім артып тұрғасын, батасын алып, ғылыми жолымды бастадым. Омбы, Орынбордағы, Алматыдағы архивтерден құнды құжаттар іздеумен болдым. Санкт-Петербург архивінде жүргенде сирек кездесетін әскери карталарға тап болдым. 1752 жылдары Қостанайдан Петропавлмен шекаралас аумаққа дейін Новоишим бекінісі құрылғанына көзім жетті. Екінші бекініс Орынбор жағынан басталады. Ол Жаңа Орынбор бекінісі Қарабалықтан Троицкіге дейін жеткен. Бұл туралы Революцияға дейінгі орыс тарихшыларының еңбегінде де бар. Инспекция академиясының деректері мен сол кездегі орыс қоғамы келтірген дәйектер көбінесе әскери қоғамға басымдық беріп келгенін жасыра алмайсың. Ресейдің әскери бас штабының мәліметтерін де пайдаландым. Осы жерде айтпағым, рецензидан өту оңай болған жоқ. Жазбамды қарап, пікір жазатын – атақты Ресейдің, шетелдің ғалымдары. Еңбегімнің сексен пайызы архивтегі деректер болып, соның көп көмегі тиді. Генерал губернатор, атамандардың қолжазбалары пайдаланылды. Герберт Миллердің сызбасын да қолдандым. Онда біздің барлық облысымыз тұр. Сосын қазақ тайпаларының аттары жазылған. Бұл жерге қазақтар келгенге дейін Орыс казактары болмаған деген де дерек кездестірдім. Әскери көзқарас бұл пікірді жоққа шығарады. Бір ғалым “жазбада қателік кеткен” деп жазыпты. Содан жерімді қорғау үшін ғылыми институттың директоры Зиябек Қабулдиновке хабарластым. “Сен осы архивті он жыл қопардың. Бәрі рас, жаза бер, өз тарихымызды өзімізден артық ешкім жаза алмайды”, – деді. Кейін құжаттарды келтіріп, әлгілерге жауап жаздым.
– Ғылыми жұмыстарды тапсырғандарыңызға қарағанда, қазақтың жеті томдық тарихының жуырда жарыққа шығып қалар түрі бар ғой?
– Жұмысты тапсырғаннан кейін онлайн форматта бірнеше рет жиналыс өткіздік. Жинақтың құрылымы мен ретін пысықтадық. Батыс Европа, Ресей, Қазақстан ғалымдары бас қосып, түрлі көзқарастар, сыни пікірлер ортаға салынды. Тарихи альманах қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көргелі отыр.
– Әңгімеңізге рақмет! Ел тарихы келешек ұрпақтың қазынасына айналар деген сенімдеміз!
Айбек ҒАЛЫМҰЛЫ
Суретті түсірген – Сергей Миронов