Жангелдин ауданының әр саладағы дамуында оң көрсеткіш бар. Шешімін күткен шаруалар да жеткілікті. Ол жөнінде аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев жылдың алғашқы жеті айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге белгіленген негізгі міндеттер туралы есебінде баяндады.
Аудан басшысының айтуынша, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, бюджетті толықтыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар жемісті жалғасып келеді. Жыл ішінде жүргізілген нақтылаулар нәтижесінде трансферттер есебінен бюджет көлемі ұлғайып, 2,6 млрд-қа жетіп, межелі жоспардан асып түскен.
«Аудан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі жеті айда 392 млн теңгеге жетті. Оның 148 млн теңгесі жеке инвестицияларға тиесілі. Ол ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға, тұрғын үй салуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Өнеркәсіп саласында 104,3 млн теңгенің өнімі өндірілді», — деген деректер келдірді аудан әкімі.


«Ауыл шаруашылығы да аудан экономикасының негізгі тірегі. Бүгінде жалпылай алғанда, мал саны былтырғыдан елеулі түрде өсті. Осы салада 8,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Мал асылдандыру жұмыстары да жалғасуда. Ірі қара малдың барлық санаты бойынша 23 672 аналық бастың екі мыңнан астамы тұқымдық түрлендіру жұмыстарына қатыстырылды. Егін алқабы биыл екі пайыз кеңіді. 42 254 гектар жерге дән себілді. Соңғы мәліметке сай, 3,7 мың тонна өнім алынды. Жұмыстар жалғасып жатыр», — деп мәлім етті Дінмұханбет Бидашев.


«Қазіргі уақытта Торғайдан Шеген ауылына дейінгі 26 шақырым учаскеде 50 арнаулы техника жұмыс істеп жатыр. Бұл жолдың іске қосылуы жаңа кәсіпкерлік нысандардың ашылуына, жұмыс орындарының құрылуына, сауда және логистика саласының дамуына жол ашады. Сондай-ақ туризмге серпін беріп, халықтың тұрақтануына және өмір сүру сапасының жақсаруына оң әсер етеді деп сенеміз», — дейді әкім.


«Елді мекендерді сапалы байланыс және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмысы да жіті назарда. Сарысу ауылына байланыс тірегі орнатылды. Жыл соңына дейін «Билайн» байланыс желісі мен 4G мобильді интернет желісі іске қосылмақ. Шилі, Милісай ауылдарында да талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып жатыр. Кестеге сәйкес, 30 қазанға дейін толық аяқталуы керек. Көлқамыс, Сарысу ауылдары келер жылы қатарға қосылады», — деді ол бұл жөнінде.
Жалпы, жыл басынан бері күн тәртібінен түспек, кезегін күткен түйткілдердің бәрі кезең-кезеңімен шешімін тапқан. Барлық салаға бірдей ден қойылып, жоспарлы жұмыстар жемісті жүзеге асқан. Әлбетте, алда шешімін күтетін мәселелер де жеткілікті. Оларды да жіпек тізе өтті аудан басшысы.

«Жылдың қалған кезеңінде негізгі назар бірнеше басым бағытқа аударылады. Біріншіден, аудан экономикасын әртараптандыру және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу қажет. Екіншіден, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, мал шаруашылығында асылдандыру жұмыстарын күшейту маңызды. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мен мемлекеттік қолдау бағдарламаларының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды жалғастырамыз. Төртіншіден, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын дамыту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ауыз су, байланыс және жол мәселелерін кезең-кезеңімен шешу басты назарда болады. Бесіншіден, халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындардың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады», — деді Дінмұханбет Бидашев.
Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларындағы нысандардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстарын аяқтау міндеті тұр. Ал «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендердің санитарлық жағдайын сақтау, көгалдандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіле береді. Бұл шараларға шаруа қожалықтарын тартудың маңызы зор. Аудан басшысының айтуынша, жақсы көмек беріп отырған қожалықтар бар, бірақ бәрін бірдей ұйымдастыруы әлі де бір жолға қойылған жоқ.

«Қорытындылай келе, ауданның алдағы кезеңдегі негізгі мақсаты – қол жеткізілген нәтижелерді сақтау ғана емес, оларды одан әрі арттыру, жаңа экономикалық мүмкіндіктерді пайдалану және, ең бастысы, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту», — деп баяндамасын түйіндеді аудан әкімі.
Суреттерді түсіргендер – Бердіболат Көркембаев
