Торғай өңірінде көп түйткіл шешімін тауып келе жатқанымен, тұрғындарды толғантқан мәселелер әлі де аз емес. Оның бірсыпырасы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен кездесуде көтерілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Торғай өңірін дамытуға ерекше екпін салынып жатыр. Жоспарлы ірі жобалар жүзеге аса бастады. Дегенмен ел ішінде жергілікті жұртты алаңдатып отырған түйткілдер ле жоқ емес. Өңір басшысының халықпен кездесуі кезінде әр ауыл тұрғындары көкейдегі сауалдарын қойды.
Мәселен, Ақкөл ауылының тұрғыны Мырзахан Құдабаев жергілікті жұрттың «бас ауруына» айналған жол азабын қайта қозғады. Оның айтуынша, жол жағдайы біртіндеп нашарламаса, жақсаратын түрі жоқ.
«Ахаңның 150 жылдығы қарсаңында жөндеу басталғанда бір қуанған едік. 41 шақырым асфальтталады деді. Оның 15 шақырымы асфальтсыз қалды. Қалған 26 км-сінің 15-ін су тасқыны шайып кетті. Одан қалғанын «Алюминстрой» ЖШС КамАЗ-дары езгілеп тастады. Былтырғы жиында айтқанымызда аудан әкімі келесі жылы қалыпқа келтіруге уәде еткен. Бірақ сол қалпы жатыр. Тіпті бұрынғы күйінен айырылып қалғндаймыз. Өзі 96 шақырым. Соны екіге бөліп, біздің ауыл жағынан былтыр щебень төсеген. Ол сапасыз болып шықты. Күзгі жиында «оны әлі қабылдамадық, келер жылы қайта жөндейді» деген. Ол да айтылған жернде қалды. Бергі жағындағы 57 шақырым да уәдеге сай жасалмады. Кей жерде тегістелмей қалған жерлер де бар. Осының жайы не болар екен?» — деген сауал қойды қария.
Бұған Жол қатынастары басқармасының басшысы Алмас Есенжолов жауап берді.
«Шұбалаң — Қарасу жолы — 107 шақырым. Былтыр 0-50 шақырымға ағымдық жөндеу жүргіздік. Бүгінде кепілдік мерзімі өткен жоқ. Сапа жөнінен аудан әкімдігі мердігермен бірге жолға шығып тексеріп, тиісті нұсқама беруі керек. Ал күтімінің нашарлығы үшін жауапты «Алюминстрой» ЖШС-ін сот арқылы жұмысқа тарту керек. Өйткені бұған 2 млрд теңгедей қаржы жұмсалды. Келесі жылы 0-50 км кепілдігі бітеді. Ал 2028 жылы 50-107 км-ге кепілдік бар. Ал тегістелмей қалған шақырымдық екі учаскеге 38 млн теңге жобасы дайындалды. Оны қиыршық тас себу тәсілімен дұрыстау қажет», — деді басқарма басшысы.
Аудан басшысы «Алюминстрой» ЖШС көктемгі күьіп-ұстау жұмысын жүргізгенін, күзгі шаруаға енді кірісетінін айтты. Оның мәлімдеуінше, келесі жылы 31 шақырымды жөндеуге құжат дайын. Бірақ бәрін бір жылда істеп шығу мүмкін емес. Ал облыс әкімі қыруар қаржы бөлінген жұмыс сапасыз істелсе, жауапты мердігер жауапқа тартылу керек екенін төтесінен айтты. Сондай-ақ ол алдағы жоспарларға тиісті қаржы бөлінетінін, құрылысты мейлінше сапалы жүргізу керегін ескертті.
Ал Қалам-Қарасу ауылының тұрғыны Қайрақбай Жетпісбаев ауыз су мәселесін қозғады. Оның айтуынша, тіршілік нәрі іргеде тұрғанымен, оны үйді-үйге кіргізу мұңға айналып отыр.
«Есіңізде болса, екі жыл бұрын сізге осы жөнінде өтініш айтқанмын. Ауыл іргесіне су келіп тұр. Өтінішім оны үйлерге тарту мәселесі жөнінде болған-ды. Сіз уәде беріп едіңіз. Сол жүмыстар басталып, қаражатқа келгенде ары қарай жүрмей қалды. Сол жағдай аяқсыз қалмаса екен деймін. Бүгін оған қандай жауап бересіздер? Халықтың жазған өтініші қолымда тұр, соны сіздерге табыстайыншы», — деді ауылдықтар аманатымен келген тұрғын.
Аудан әкімі Дінмұханбет Бидашев бұл жобаның кепілдік мерзімі өтпегенін, сондықтан оны халық пен жергілікті билік ке ол ісе отырып, жылдамырақ шешу жолдары бар екенін айтты.
«Иә, бұл мәселені білеміз. Сарысу және Қалам-Қарасу елді мекендері үшін бір жерден су тарту пунктісі қойылған. Ол кезде құжат жасамағанбыз. Өйткені үш жыл кепілдік мерзім күтімінде болды. Ал ол кезде ешқандай құжат әзірлеуге құқымыз жоқ еді. Ол уақыт өтті. Мана баяндамамда айтқанымдай, Сарысу ауылы өз қаражатына орталықтандырылған су жүйесін үйлеріне кіргізді. Сондай тәсілге жүгінгіміз келеді. Себебі оған ПСД әзірлеу керек. Оны бюджеттік-инвестициялық жоба ретінде қорғау қажет. Оған 2-3 жыл уақыт өтіп кетеді. Сондықтан ең тиімді жол — Сарысу ауылы сияқты екіжақты келісіммен әр үйге су тарту жұмысын жүргізсек, ол бізге тиімді, тез болады. Себебі бірінші кезекте орталықтандырылған ауыз сумен халық саны көп елді мекендер қамтылады. Ал Қалам-Қарасу тұрғындары саны, мәселен, 200-ге де жетпейді. Ол жерде қырықтың үстінде ғана үй бар. Сондықтан ең тиімді жол — мәселені сырттан тартылған қаражат есебінен шешу. Оған келісіп отырған азаматтар бар», — деген жауап қайырды аудан басшысы.


Суреттерді түсірген — Бердіболат Көркембаев
