Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Қарағанды қаласында дзюдо, самбо және қазақ күресінен өткен Азия кубогында облыстық полиция департаментінің арнайы кәсіби даярлық басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Марат Мамаев бірнеше спорт түрінен бірдей өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінді.

Ауқымды спорттық додаға Қазақстанмен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузия мемлекеттерінен 300-ден астам мықты спортшы қатысып, өзара бақ сынасты. Осылайша, халықаралық деңгейдегі жарыста Қостанай өкілі жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Атап айтқанда, ол дзюдо күресінен үшінші орынға ие болса, самбодан күміс жүлдені еншіледі. Ал қазақ күресінен қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, бірінші орынды жеңіп алды. Осындай нәтижемен ол жарыс қорытындысы бойынша қанжығасын жүлдемен байлады.
«Марат Мамаевтың бұл жетістігі – ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығы мен тәртіптілігінің, сондай-ақ спортты тұрақты түрде қолдаудың нақты нәтижесі. Мұндай жеңістер полиция қызметкерлерінің тек қызметте ғана емес, спорт алаңында да ел абыройын асқақтата алатынын дәлелдейді», – дейді департаменттің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшысының жүлделі орындарға көтерілуі – оның жан-жақты дайындығын, жоғары физикалық төзімділігі мен қайсар рухын айқын көрсетеді. Қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып қана қоймай, спортты серік еткен полиция қызметкері салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға өнеге болуда.
