Қостанай өлкесі спортшылардың ұстасы болып саналатынын биыл тағы дәлелдеді. Республика тұрмақ, құрлықты бағындырған белестерді естіп, марқайып қалғанымыз бар. Облыстың спортшылары ұлттық құрамалардың сапына еніп, тәуелсіз Қазақстанның туының астында халықаралық деңгейдегі жарыстарда абыроймен өнер көрсетті.
Жыл қорытындысына арналған облыстың үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттау кешінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы осынау сөздерін осы жарқын жеңістердің келер жылы да қайталансын деген тілегімен жеткізді. Өңір спортшыларының жыл бойғы жетістіктеріне ерекше тоқтала берді.

«Сіздер байрақты бәсекелерде суырылып алға шығып, өскен өлке, туған жердің абыройын асқақтаттыңыздар. Сіздер бағындырған биіктер – кейінгі буын спортшыларға жарқын үлгі. Бұл жетістіктер үлкен жеңістердің бастамасы деп ойлаймын. Себебі алда қысқы олимпиада, жазғы Азия ойындары келе жатыр. Сол жерде біздің спортшыларымыз қатысып қана қоймай, жүлделер алады деген сенім бар», – деді басқарма басшысы.
Өзі айтып өткендей, 2025 жылдың «Үздік спортшы» және «Үздік жаттықтырушы» номинациялары бойынша жеңімпаздар әлдеқашан анықталып қойған еді.
Үздік спортшыларға 500 000 теңге көлемінде сертификаттар, ал үздік жаттықтырушыларға 200 000 теңге көлемінде сертификаттар табысталды.
«Қостанай облысында дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша спорт саласының дамуына елеулі із салып жүрген азаматтар марапатталды. Оларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар, Мемлекет басшысының жарлығымен «Шапағат» медальдары тапсырылды. Солардың бірі асық ату өнерін өңірімізде ресми спорт ретінде танытып келе жатқан Кәршал Төлегенұлы.

«Бұл өнерге жастарды баптап келе жатқаныма он бес жылдан асып барады. Ана жылдары шәкірттерім көшпелілер ойынында атой салғанын білесіздер. Осы еңбегімізді бағалап жатқан ел ағаларына, спорт саласының жетекшілеріне алғысым шексіз», – дейді.
Қазақ күресі де ішкен асын бала жасынан жерге қойып, талай шәкірттерін өрге сүйреген, бүгінде Тобыл қаласындағы ұлттық спорттың жандануына серпін беріп келе жатқан Рашид Мұхамеджановтың да маңдай тері еш кеткен жоқ.

Осы кеште абыройы асқақтап, мінберге көтерілді.
Қостанай облысында қазақ күресінің дамуын белсенді түрде қолдап келе жатқан Абылайхан Тайгелдиновтің де еңбегі атап өтуге тұрарлық.

Жыл бойы спортшыларға маңызды материалдық және моральдық көмек көрсетіп, спорттық киім-жабдықтармен қамтамасыз етіп, аталған спорт түрі бойынша жарыстар мен шаралардың ұйымдастырылуы мен өтуіне ықпал етті.
Қазақ күресі демекші, биыл Арқалық балуандарының мерейі өзгелерден үстем болған еді.

Осының алдында ғана сөз еткен құрлықты бағындырғандардың қатарында Сайлау Рыздыков пен Азамат Ерәділовтің шәкірттері Архат Баймурзин мен Нұрсұлтан Қабылан да бар еді.

«Биылғы жыл Түркістанға жасаған сапарыммен ерекше есте қалды. Қазақ барысына қатысып келе сала Нұрсұлтан менімен оңтүстікке аттанды. Мына бір ғаламаты қараңыз, киелі жерде мен Азияны, араға тәулік салып Нұрсұлтан әлем чемпионатын жеңіп алды. Осы үшін бапкерлерге мың алғыс», – деп ағынан жарылды Архат Баймурзин.
Марапаттау барысында спортшылар мен олардың жаттықтырушылары сахнаға бірге шақырылып, бірлескен еңбектің нәтижесі ерекше атап өтілді. Бұл – спорттағы табыстың ұжымдық еңбектің бір парасы ғана еді. Тоғызқұмалақ, шаңғы, гандбол, ауыр атлетикадан жеткен жетістіктеріміз қаншама.
Салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, соңында қатысушылар естелік суретке түсті.
Аталған іс-шара Қостанай облысында спортты дамытуға, жас спортшыларды қолдауға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді ұсынған дене шынықтыру және спорт басқармасы
