Комиссия өкілдері Сарыкөл және Алтынсарин аудандарының тұрғындарымен, сондай-ақ шаруа қожалықтары және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өкілдерімен жүздесті.
Іс-шараларға «Агрохимия қызметі» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің, «Жерді зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің мемлекеттік институтының» және «AMANAT» партиясының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында басты тақырып ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді рационалды пайдалану және топырақтың деградациясының алдын алу мәселелері болды. Сарыкөл ауданында өткен жиында 2024 жылы Қостанай облысында мемлекетке қайтарылған жер көлемі туралы мәлімет берілді.
«Алғашқы жоспар бойынша 150 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс болса, нақтысында 186 мың гектар жер қайтарылды, бұл жоспардың 124%-ын құрады. Оның ішінде 124,8 мың гектары жайылымдық жерлер болды. Сонымен қатар, 2025 жылға арналған жоспарлар таныстырылып, келер жылы облыс бойынша 120 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделіп отыр». – баса айтты «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы Саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Әділ Сансызбаев.
Алтынсарин ауданындағы отырыста да жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне назар аударылды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекеттік бақылаудың күшейтілгені түсіндіріліп, жерді пайдалану бойынша заңнамалық өзгерістер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін қорғауға және топырақтың құнарлылығын сақтауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпарат берілді.
«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану бойынша мемлекеттік бақылаудың күшейтілді.Жерлерінің дұрыс пайдаланылуы заң талаптарына толық сәйкес болуы қажет. Мемлекеттік бақылау күшейтіліп, заң бұзушылықтарға жауапкершілік бар». – деп атап өтті Қостанай облысы жер ресурстарын басқару департаментінің басшысының орынбасары Асель Табергенова.
«Жер аманаты» комиссиясы еліміздің жер ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғау мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарып келеді. Мұндай кездесулер жерді дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыруға және ауыл шаруашылығы саласының дамуына зор ықпал етеді.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Суретті «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі ұсынды