24 мая, 2025
Жеңістің 80 жылдығы: Қостанай ауданында бірнеше ұжым өкілдерінің жиыны өтті

Жеңістің 80 жылдығы: Қостанай ауданында бірнеше ұжым өкілдерінің жиыны өтті

Жеңістің 80 жылдығына орай, Қостанай аудандық мемлекеттік архивінде «Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін» атты дөңгелек үстел өтті.

Кездесуде аудандық архивтің, аудандық Ардагерлер кеңесінің, жергілікті кітапхананың соғыс жылдарының жылнамасын өзектендіру бағытындағы қызметі, атқарылған жұмыстар мен алға қойылған міндеттер сөз етілді. Іс-шара барысында «Отты жылдар тарихы» атауымен фото-құжат көрмесі қойылды. Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларының архивтік құжаттарын экспозициялау мәселесі талқыланды. Сұрапыл жылдар жылнамасын қаз-қалпында сақтап, өскелең ұрпаққа насихат етуде аталған мекемелердің қай-қайсысының да атқарар рөлі зор. Мәселен, Павлов атындағы ауылдың  кітапханасының қызметкері Валентина Михалева осы бағытта атқарылған жұмыстарын баяндады.

«Ауылымыздағы Жауынгерлік Даңқ мұражайының мойынға алған міндеті – ел қорғаған, қаза тапқан жауынгерлерді, қаһарман жерлесіміз, музейге аты берілген мақтанышымыз Иван Павловты еске алу, ұмытуға болмайтын тарихты, өткен оқиғаларды жадымызда ұстау. Отанымыздың, ауылымыздың өмірінде із қалдырған адамдар – әрқайсымыздың жүрегіміздегі естелік. Музей сонау 1965 жылдан бері осы мақсатқа қызмет етіп келеді. Жеңіс күні қарсаңында ғана емес, жыл ішінде ұдайы әр алуан мазмұндағы іс-шара өтіп тұрады», – дейді кітапханашы.

Отырыста жастар, мектеп оқушылары арасында екінші дүниежүзілік соғысты қабылдау тұрғысында қандай үрдістер байқалатыны талқыланды. Қан майдан туралы естелікті жас ұрпақ үшін қолжетімді, түсінікті және мағыналы ету үшін аталған ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін анықтау мақсат етілді. Өшпес естеліктер мен арамызда жүрген «тірі тарих» – қарт майдангерлердің қадір-құрметін жаңа толқынға жеткізуге дәнекер болып жүрген бір ұйым болса, ол – аудандық Ардагерлер кеңесі. Ұйым өкілдері де осы жиында өз қызметтерінің мән-маңызын баяндады.

«Ардагерлер кеңесі жастарды патриотизмге тәрбиелеуде, соғыс сұрапылы мен оның батырларын еске алуда ерекше рөл атқарады. Бұл соғыс пен еңбекке қатысушылардың қоғамдық бірлестіктері ғана емес, олар тарихи тәжірибенің, рухани күштің және өткен шақ туралы адами шындықтың тірі тасымалдаушылары», – деп шешіле сөйледі аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Вера Ильминская.

Аудандық архивтің, кітапханалардың, мектеп жанындағы музейлердің өкілдері де пайымды пікірлерін ортаға салды. Соғыс сұрапылынан ақпар беретін сарғайған құжаттарды цифрландыру, онлайн-платформаларға шығару қажеттігі айтылды. Мектеп оқушылары мен студент жастар арасында батыр ата-апаларының ерлік-қаһармандығын үлгі етіп көрсетіп, құрметін қалыптастыру үшін мәнді-мазмұнды іс-шаралар көбірек ұйымастырылуы керек деген ойға тоқталды.

Суреттерді түсірген – Рабиға Атуллина