Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Батырбек Ахметов екінші дүниежүзілік соғысының және тыл ардагерлерін шаңырағына барып құттықтап жатыр. Жуырда Ділдәбек Нұрышевтің үйіне барып, амандығын білді.
Ділдәбек Нұрышев 1926 жылы 10 қаңтарда Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Тарасовка ауылында дүниеге келген.
«Біз де бүкіл кеңес үкіметі балалары сияқты мектепке барып, жарқын өмірді армандадық. Екінші дүниежүзілік соғыс туралы хабар жеткенде небары он бес жаста едім», – деп еске алады атай.
Ол уақытта Тарасов ауылында тұрып жатқан кезі екен. Араға төрт жыл салып 1945 жылдың сәуірінде майданға ілігіпті.
«Одер өзеніндегі әскери қимылдарға қатысып үлгердім. Жеңіс туралы хабар Кенигсберг қаласында жетті», – дейді қария.
Ділдәбек Сансыбайұлы Ұлы Отан соғысы ордендері мен медальдары және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Соғыстан кейін ол әскерде қызметін жалғастырды.
Демобилизациядан кейін Ділдабек Сансыбайұлы өндірісте еңбек етіп, отбасын құрып, бес бала тәрбиеледі. Өсіп келе жатқан немерелеріне қарап, ардагер бұдан былай соғыс болмасын деп тілейді. 2020 жылдан бері Қостанай қаласында тұрады.
