Қостанай облысында сыбайлас жемқорлық жиі кездесетін әрі бейім 12 сала анықталып отыр. Талдау жүргізуге кәсіпкерлерден келіп түскен шағым түрткі болған.
Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария, агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялау, көлік, экология, қаржы секторында жемқорлық фактілері жиі кездеседі.
– Үш сала топ бастап тұр. Жер қатынастары саласына 11 өтініш түсті, мемлекеттік сатып алуда 7 өтініш және бесеуі салыққа қатысты, – деді ҚР Сыбайлас Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Рүстем Болат.
Кәсіпкер мемлекеттік кірістер департаментінің күзет қызметтерін сатып алу жөнінде өткізген байқау нәтижесіне шағым түсірген. Ол өзінің шағымында біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін адамның жеңімпаз болғанын көрсетіп отыр.
– Департамент мәселені мемлекеттік аудит органдары және палатамен бірлесіп зерттеді. Олар шағымның дұрыстығын көрсететін камералдық бақылауды қайта жүргізді. Нәтижесінде конкурс қайта қаралып, өтініш берген кәсіпкер жеңімпаз деп танылды, – деді Р.Болат.
Антикор әрбір өтінішті егжей-тегжейлі зерделеп, мәселе түпкілікті шешілгенге дейін қадағалап отырады. Бұл іске уәкілетті органдар мен кәсіпкерлер палатасы да араласады.
– Шенеуніктер ШОБ өкілдерінің жолын кесіп, заңсыз тексерулер жүргізіп, мемлекеттік сатып алуларға кедергі келтіріп жатады. Мұндай біраз фактілердің алдын алдық. Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымдарына сәйкес кәсіпкерлердің құқығын бұзған үш мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Екеуі мемлекеттік сатып алу саласында кедергі келтірсе, біреуі ет комбинатын заңсыз тексерген, – деді департамент өкілі.
Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бизнес субъектілеріне қатысты 2 қылмыс фактісін тіркеді. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқандықтан, олардың мән-жайы ашып айтылмады. Рүстем Болат ӨКҚ алаңында өткен брифингте бұл қылмыстық фактілер туралы өкіметті органдар келісімінен соң, БАҚ-қа қосымша ақпарат беруге уәде етті.