Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы департаментіне өткен жылы жаңа тарифті қайта қарауға немесе бекітуге 435 өтінім келіп түскен.
«Қазіргі уақытта 2025 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ҚР Үкіметі 2024 жылғы 25 желтоқсанда бекіткен Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында, 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде 2025-2029 жылдар кезеңінде тозу деңгейі жоғары және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келмейтін, сондай-ақ халық пен экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктері бар қолданыстағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылым желілерін жаңғырту және жаңарту жоспарлануда», – деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департамент басшысы Ақан Ташпанов.
Департамент облыс әкімдігімен бірлесіп, инженерлік желілердің тозуын азайту үшін одан әрі инвестицияға қажеттілік туралы ақпаратқа талдау жүргізіп отырады. Осы тұрғыда коммуналдық және знергетикалық инфрақұрылым желілірінің тозуы, жабдықтың ескіруі сынды мәселелер де жоқ емес. Аталған мәселені шешу үшін ескірген желілерді одан әрі жаңғырту және ауыстыру, инфрақұрылымды жаңартуға инвестициялар тарту, заманауи технологияларды енгізу, кадрлардың біліктілігін арттыру қажеттігі туындап отыр.
«Алдын ала ақпарат бойынша, 2025-2029 жылдар аралығында тозуды 40%-ға дейін төмендету үшін қажетті қаражат көлемі 200 млрд теңгеден астам. Осы мақсатта 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленді, ол ТММ-ге меншік нысанына қарамастан жеңілдікті қарыз алу үшін қаржыландыру тетіктерін пайдалануға мүмкіндік береді», – деді ол.
Осылайша, инвестициялар тек тарифтік түсімдермен ғана шектелмейді, сонымен қатар бюджеттік қаржыландыру, сондай-ақ «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің қаржы институттары арқылы жеңілдікті қарыз бойынша жұмыс жалғаспақ.
Сералы МЫРЗАБАЙ