Қостанайда спортпен тегін айналысуға мүмкіндік бар

Қостанайда спортпен тегін айналысуға мүмкіндік бар

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға келген сапарында Юбилейный шағын ауданында дене шынықтыру және сауықтыру кешені іске қосылған болатын. Бүгінде қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің кеңсесі орналасқан бұл ғимаратта қала тұрғындарына арналған тегін жаттығу залы жұмыс істеп жатыр.

Ғимараттың екінші қабатында балаларға арналған спорт үйірмелері бар.

Онда балғындарды гандбол, баскетбол, көркем гимнастикадан жасөспірімдер мектебінің бапкерлері дайындайды.

Бірінші қабатта тегін тренажер залының есігі келушілер үшін айқара ашық.

“Тегін жаттығу залын ашу қала әкімінің ұсынысы болатын. Ол үшін алдын ала жазылып қою керек. Көбі ертемен телефон арқылы жазылады. Сегізден кешкі онға дейін келушілерге үш адам қызмет көрсетеді. Мәселен, арнайы ңұсқаушылар адамдардың уақытында келуін қадағалайды. Бүгінде қала тұрғындары белсенді атсалысып жатыр”, – дейді дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жәнібек Жұрқабаев.

Қала тұрғыны Шолпан Батырғалиеваның бұл жерде жаттығып келе жатқанына жиырма күндей болған. Осы жолы қызы Бұлбұлмен келген екен.

“Қостанайда тұрып келе жатқаныма жиырма бес жылдан асты. Бұған дейін мұндай жаттығу залы болған емес. Құрылғылары да адамның шамасына қарай есептеліп жасалғаны көрініп тұр. Қазір буындарым жиі сырқырауын қойды”, – дейді ол.

Раушан Қалесова жаттығу залына келетін адамдарды тіркеп отыратын маман. Оның айтуынша жаттығу залына жазылу апта басынан толық болады. Бір күнде ол жерге 70-80 адам келіп-кетеді.

“Біздегі құрал-жабдықтардың бәрі соңғы үлгімен жабдықталған. Арнайы құрылғылар әр жас шамасына лайықталған. Сол себепті бұл жерде жасына қарай шектеу жоқ. Әсіресе, жастар көп келеді. Зейнет жасындағы кісілер сағат 9-10, 10-12 арасына жазылады”, – дейді Раушан Қалесова.

Бұл жерде келушілерді қадағалап отыратын арнайы ңұсқаушылар бар екенін жоғарыда айттық. Солардың бірі Владислав Тарасов.

“Бізге келушілер өте көп. Сол себепті жазылу бойынша арнайы уақытпен қабылдауға тура келеді. Мәселен, зейнеткерлер таңертең келеді, мүмкіндігі шектеулі жандар түсте жаттығады. Әр адамның шамасына қарай жеңіл жаттығулар жасатамыз”, – дейді ол.

Әрние, адам көп болғаннан кейін тұрғындар арасында түсініспеушілік те болып жатады. Мәселен Қалада 270 мыңдай адам бар делік. Бұл залға бір келгенде он бес адам кіреді, оларға кесте бойынша екі сағат бөлінеді. Сол себепті жазылуға үлгірмей қалып жататындар бар. Ол үшін арнайы мамандарға 50-45-01 телефоны арқылы қоңырау соғып, алдын ала жазылып қойған дұрыс.

Бұл ғимарат Юбилейный шағын ауданы 26 / а мекенжайында орналасқан. Келушілерден арнайы спорт киімдері талап етіледі.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК

Жаңалықтармен бөлісу