Жекеменшік балабақшаларда қаржыландырудың негізсіз өзгергені анықталды

Жекеменшік балабақшаларда қаржыландырудың негізсіз өзгергені анықталды

Былтыр ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен “Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы” жобасы іске қосылған болатын. Жоба түрлі салада азаматтардың тараптарынан ең көп туындаған сұрақтар мен жолданған шағымдар мен өтініштерге дереу шара қабылдау үшін жауапты мемлекеттік органдардың назарын аударады.

            Биыл аталған Картада ауыл шаруашылығын, медицинаны, экологияны, бизнесті, спорт пен жол және инфрақұрылымды қашықтығын субсидиялауға байланысты проблемалық мәселелер көзделген.

            – Соңғы 8 айда Картаны іске асыру шеңберінде әртүрлі салаға мониторинг жүргізілді. Қабылданған шаралардың арқасында “Арқалық-Шилі” жолына орташа жөндеу жүргізу кезінде 169,5 млн теңге мөлшерінде, сондай-ақ “Екатеринбург -Алматы” автожолы бойынша 10,5 млн теңге залал келтіруге жол берілмеді. Жекелеген учаскелерде жол сапасына қатысты бірқатар ескертулер жасалды. Сарапшылар шақырылып, талдау жүргізіп, сотқа шағым түсірілді. Бүгінде мердігер жолдағы ақауларды жойды, – дейді Қостанай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Бауыржан Ұзынжас.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын бекітті. Сыбайлас жемқорлықтың негізгі себептері қатарында ұзаққа созыған әкімшілік кедергілер, түсініксіз және дискрециялық нормативтік актілер, мемлекеттік органдардың жеткіліксіз ашықтығы, баламалы (қағаз) негізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бар.

            «Мемлекеттік қызметшілер мен ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысы корпоративтік сектормен салыстырғанда жеткіліксіз, бәсекеге қабілетсіз болып қалып отыр. Мемлекеттік функцияларды орындау кезінде мүдделер қақтығысының алдын алудың тиімді тетігі жоқ. Қолданыстағы декларациялау жүйесі шығыстар мен алынған кірістер арасындағы елеулі алшақтық фактілеріне жауап берудің тиімді құралдарымен дұрыс қамтамасыз етілмеген. Ұрланған мүлікті іздестіру, оларды бюджетке қайтару, мүліктің қылмыстық тегін дәлелдеудің қиындығына байланысты екінші жоспарда қалып отыр», – делінген құжатта.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары тұрақты мониторинг жүргізіп тұрады. Мәселен, Арқалық өңіріндегі ауыл судың сапасы мәселесі жұртқылықты алаңдатқан еді. БАҚ беттерінде де бірнеше рет көтерілді. Қызметкерлер құрылыс нысанына барып, мәселенін мән-жайын зерделеп тексеріс жүргізген.

            – Нәтижесінде Арқалық қаласының Үштөбе ауылында көптен күткен су құбыры жобасы пайдалануға берілді және ауыл тұрғындары таза суды пайдалануға мүмкіншілік алды. Тағы да бір өзекті мәселе – жерді пайдалану. Департамент облыстың жер инспекциясымен бірлесіп, «Шаруа қожалығы үшін» санатынан «коммерциялық үй-жайлар салуға» жалпы ауданы 46 гектар жер учаскесінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту фактісін анықтады. Осы учаскені нысаналы мақсаты өзгергеннен кейін азамат 460 учаскеге бөліп, 1,5 млрд теңгеге сатуға тырысты. Нәтижесінде әкімдіктің қаулысымен жер учаскесінің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту жойылып, ол жайылым қорына қайтарылды, – дейді департамент басшысы.

Ысырпашылдық денсаулық саласында да тыйылмай тұр. Департамент превенция құралдары арқылы Облыстық қан орталығы реагенттері Мемлекеттік сатып алуды жүргізген кезде 1,178,0 мың теңге артылған. Тұтастай алғанда «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталының мониторингі қорытындысы бойынша «Тәуекел тобынан»  нарықтық баға жағына қарай қайта қарау ұсынымдары жіберіліп, 2, 3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді.

            – Экология саласындағы бірқатар мәселелер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де анықталды. Мысалы, эмиссиялардан түсетін қаражатты игеру қоршаған ортаны жақсарту жөніндегі бекітілген үш жылдық жоспар арқылы ғана жүзеге асырылады. Алайда, ЖАО жоспардың жобасын бекіту үшін 2023 жылы ғана құзырлы министрлікке жіберді. Осы уақытқа дейін эмиссия әкімдіктің қалауы бойынша жұмсалған бюджеттің бір бөлігіне айналды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Бизнеске жол» жобасын іске асыруда. Жобаның мақсаты – кәсіпкерлерге түрлі әкімшілік кедергілерді еңсеруге көмектесу, құжаттарды рәсімдеу кезінде әуре-сарсаңға салмау, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын шешімдердің мерзімдері мен ашықтығын сақтауды қамтамасыз ету, – дейді Бауыржан Ұзынжас.

Жоба іске қосылған кезеңнен бастап бизнес өкілдерінен жүзден астам өтініш түскен.

            – Аналитикалық тәсілдер арқылы бизнестің жүйелік мәселелері анықталады. ШОБ субъектілерінің проблемаларын қозғайтын сыртқы талдаулар мен мониторингтер жүргізілді. Қорытынды бойынша 44 жекеменшік балабақшаны негізсіз тексеру және қаржыландырудың негізсіз өзгеруі алынып тасталды. Жер салығын төлеу үшін енгізілген негізсіз АШТӨ-нің 28-і салықты 6 есеге төмендетті. Департамент ұсынымдары бойынша 3 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деді Департамент басшысы.

Сондай-ақ, Департамент “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер” жобасын іске қосты. Оған қатысуға қоғамдық бірлестік өкілдері, бизес субъектілері және квазимемлекеттік секторлар мен өзге де ұйымдардан еріктілер тартылуда. Жоба 2023 жылдың тамыз айыннан 2024 жылдың желтоқсан айына дейін жалғасады. Олар қоғамдық бақылау жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы зерттеулер жүргізеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу