Арқалық қаласында көктемгі ағаш егу науқаны қарқынды жүріп жатыр. Ағаш көшеттері қаладағы «Демалыс саябағы», «Жастар саябағы» және «Абай аллеясы», «Даңқ аллеясы», «Жәуке батыр» аллеяларына отырғызылды.
Нақты айтқанда биыл қала бойынша 2 мың түп ағаш отырғызылады. Мұның сыртында қалаға қарасты ауыл және ауылдық округтердің әрқайсында 50 түптен көшет отырғызу жоспарланған.
«Бұл Президенттің, облыс әкімінің тапсырмалары. Жасыл желектің қоршаған ортаға тигізер пайдасы зор. Еліміз көркейген «Жасыл ел» болуы керек. Көшеттер облысымыздың Аманқарағай орман шаруашылығынан әкелінді. Екі-үш жылдық шыбықтарды алдық. Себебі, кішкентай түптердің өсімталдығы жақсы болады.Екі-үш жылда күтімі жақсы болса жақсы саябақ болып, қаланың ауасы тазарып қалады. Қаламызда көптеген ағаштар өте көнеріп қалған. Жалпы, ағаш 40-50 жыл өскеннен кейін өсу қарқынын тоқтатып, қурай бастайды. Сондықтан, ескі ағаштарды алып, орнына жаңасын егеді. Бізде ағаш егетін бос орындар көп. Алдымен осы бос орындарды қамтып алсақ, алдағы бір-ер жылда ескі ағаштарды да ауыстыруды бастаймыз деген ойдамыз, – дейді қала әкімінің орынбасары Ерлан Раисов.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор