А. Байтұрсынұлы атындағы КӨУ-де жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында жоғары оқу орнынының түлектерін жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды. Өңір экономикасының дамуына сәйкес кадрларға өңірлік қажеттілік картасы әзірленуде. Кеңеске облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали, жастар ісі жөніндегі кеңесінің мүшелері мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.
Биылдан бастап елімізде жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе кәсібін кеңейткісі келетін жастарға 2,5 пайызбен несие беріле бастады. Оған тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған жеке кәсібі бар 35 жасқа толмаған жастар қатыса алады.
«Мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп келеді. Бағдарлама 21-35 жас аралығындағы жастарға арналған. Жоба аясында облысқа 900 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 200-ге жуық адамнан өтініш келіп түсті. Қосымша 250 млн қаражат алуға өтініш білдірдік. Егер министрлік құптаса, біз қаржыландыруға дайынбыз», – деді Ринат Мұхаметқали.
Жергілікті кәсіпорындар тарапынан жастарға көптеген жағдайлар жасалуда. Олардың білім алып, шет мемлекеттерде тәжірибе алмасуына мүмкіндік мол.
«Кадрларды даярлау бағдарламасы бойынша барлық жағдай жасалған. Колледждер мен ЖОО студенттеріне елімізде ғана емес сырт мемлекеттерде де білім ала алады. Қазіргі уақытта кәсіпорны жанынан 9 қабатты жатақхана салынып жатыр. Оған тек жұмыскерлер ғана емес жас отбасылардың да тұруына болады», – деді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жоғары инженерлік мектебінің бастығы Сәния Ементаева.
Отырыста «Жаңа кәсіптер атласы» мен «Мамандығым – болашағым» жобаларын әзірлеу мәслелелері қаралды. Бұл туралы ҚӨУ-нің проректоры Ербол Исақаев егжей-тегжейлі айтып берді. Оның айтуынша, бұл жобалар болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтарды даярлауға бағытталған.
«ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығына сәйкес біздің университет осы жобаны іске асыру үшін базалық болып белгіленді. Бүгінгі таңда өңірде «Жаңа кәсіптер атласы» ұсынымдарын ескере отырып, тоғыз білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Біздің ЖОО-да бұл биотехнология, Аграрлық техника және технология, машина жасау және т.б. Рудныйдағы РИИ базасында тағы төрт бағдарлама жұмыс істейді Жалпы бұл жоба Павлодар мен Маңғыстау облыстарында сәтті жүзеге асырылуда», – деді Ербол Исақаев.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали аграрлық мамандықтарға қабылдау нашар жүріп жатқанын атап өтті.
«Аймақтың ерекшелігін ескере отырып, бұл үлкен мәселе. Мамандар жетіспейді. Осы тұрғыда ҚӨУ-де қажетті бағытта қадамдар жасап үлгеріп, кәсіптік бағдар беру жұмысын күшейтті. Нәтижесінде, биылғы оқу жылында агроном факультетіне бірінші курсқа көбірек адам жиналды», – деді Р. Мұхаметқали.
Тағы бір алаңдатарлық жағдай жас мұғалімдерге қатысты болды.
«Былтырдан бері жұмысқа қабылданған кезде мұғалімдер Ұлттық біліктілік сынағына тапсырады. Осы орайда ҚӨУ-нің түлектерінің жартысына жуығы сынақтан өте алмаған. Себебі неде?» , – деп сұрады Ринат Зәкиұлы.
«Біз бұл мәселені талдадық. Өкінішке қарай Мемлекет басшысы да айтып өткендей, бұл сынақтағы сұрақтар әлі де жетілдірілмеген. Тәжірибесі жоқ түлектерге сынақтан өту қиын, ол алдағы уақытта жөнделеді. Сондықтан, мәселе дайындықта емес деп есептейміз. Сапалы кадрлар дайындап жатқанымыздың тағы бір дәлелі облыстағы мұғалімдердің 80 пайыздан астамы өзіміздің түлектер», – деп жауап берді Ербол Исақаев.
Электрондық еңбек биржасына да мәселе бар enbek.kz сайтында жұмыс берушіге жүгінген жас жігіт жұмыс орнын іздегені үшін ақшалай сыйақы талап ететін делдалға тап болғанын мысалға келтірді. Мұндай фактілер электрондық платформаға деген сенімді бұзады.
Жастарға жұмыс орнын тауып, өздерін жүзеге асыру үшін тағы не қажет? Жастар шығармашылық хабы. Мұндай бастаманы кәсіпкер Ербол Тәжібаев көтерді. Қостанай облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев бұл идеяны қолдап, жастарға жобалармен еркін жұмыс істейтін, түрлі іс-шаралар ұйымдастыратын, тәжірибе алмасатын орын қажет екенін атап өтті.
«Өкінішке қарай, «Жастар Сарайы» мұндай орынға айналмады, ол енді концерттік алаң ретінде жұмыс істейді. Бірақ біз қазір басқа нұсқаларды қарастырып жатырмыз», – деп қосты Марат Жұрқабаев.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Б. Мейрамұлы