Жастар денсаулық орталықтарының қызметі таныстырылды

Жастар денсаулық орталықтарының қызметі таныстырылды

Жастар денсаулық орталықтары – 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге және 18-29 аралығындағы жастарға репродуктивті және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектісі. Мұндай орталықтар емдік-профилактикалық көмек, сондай-ақ психоәлеуметтік және заңгерлік қызметтер көрсетеді. Республика бойынша 100-ден астам орталық құрылды.

“Жастар денсаулық орталықтары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық қызметтер тегін көрсетеді. Жастардың денсаулық орталығының қызметтерін ерікті түрде таңдауға мүмкіндігі бар”, – деді “Jastar Med” жастар денсаулық орталығының басшысы Асен Сәдуақасова өңірлік коммуникация алаңындағы баспасөз мәслихатында.

Жасөспірім шақ – бұл үлкен физикалық, психологиялық және әлеуметтік өзгерістер кезеңі. Көбінесе жасөспірімдер өз мәселелерін, қорқыныштарын кіммен бөлісетінін және кімнен көмек сұрайтынын білмейді. Жастар денсаулық орталықтарының медицина қызметкерлері оларға денсаулық мәселелерімен күресуге және оны жақсартуға көмектеседі.

“Жастар орталықтарға өз еркімен, ешқандай емхананың жолдамасынсыз келе алады. Егер жасөспірім толық 16 жасқа толмаған болса, оған медициналық көмек жазбаша келісіммен және ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен көрсетіледі. 16 жастан асқан жасөспірімдер ата-аналарының, заңды қамқоршыларының қатысуынсыз медициналық көмекке дербес қол жеткізе алады”, – дейді Асен Күнішпайқызы.

“Jastar Med” жастар денсаулық орталығы кез келген зорлық-зомбылыққа немесе дағдарыстық жағдайға тап болған жасөспірімдер мен жастарға медициналық-психологиялық көмек көрсетеді. Орталыққа жастар отбасылық өмірге дайындалу, жауапты серіктестікті, ана мен әке болуды қалыптастыру мәселелерімен жүгінеді.

“Жасөспірімдер мен жастардың психикалық денсаулығын сақтау мақсатымен психологиялық диагностика, сондай-ақ консультациялық көмек көрсетемін. Мен өзіне зиян келтіретін, суицидтік мінез-құлықтың және басқа да тәуелділіктердің, соның ішінде құмар ойындарға патологиялық тартымдылықтың алдын алумен жұмыс істеймін”, – дейді “Jastar MED” жастар денсаулық орталығының психологы Жазира Ахметқалиқызы.

Жалпы репродуктивті денсаулық – бұл толық физикалық, психикалық және әлеуметтік әл-ауқат жағдайы. Репродуктивті денсаулыққа өмір салты, оның ішінде стресс, физикалық белсенділіктің төмендігі, жыныстық қатынастың бұзылуы, жаман әдеттер, темекі шегу, әлеуметтік орта, яғни, төмен күнкөріс деңгейі, жұмыссыздық факторлары әсер етеді.

“Қазіргі жағдайда репродуктивті денсаулық мәселелері жыныстық өмірдің ерте басталуына, отбасындағы жыныстық тәрбиенің жеткіліксіздігіне, білім беру бағдарламаларының болмауына байланысты болады.  “Jastar Med” жастар орталығында гинекологтың жеке кеңесін алып, толық тексеруден өте аласыз. Кәмелетке толмағандарға кеңес беру ата анасының немесе заңды өкілдерінің бірінің қатысуымен жүргізіледі”, – дейді ЖДО акушер-гинекологы Диана Қоңқабаева.

Диана БАТЫРБЕК

 

Жаңалықтармен бөлісу