Жас театр өнер майталмандарының батасын алды

Жас театр өнер майталмандарының батасын алды

Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай “Жүз шымшыма” атты алғаш рет Тараз қаласында өткен республикалық фестивальде торғайлық “Мірдің оғы” театры “Үздік екінші пландағы бейне” номинациясының иегері атанды.

Фестивальге жалпы саны 14 халық театры қатысқан. Еліміздегі әзіл-ысқақ саласын дамыту үшін ұйымдастырылған фестивальдің берер пайдасы мол.

Бірінші кезекте халық театрлары арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту көзделген.

Жанкелдин аудандық Н. Ахметбеков атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған халық театрының режиссеры Фариза Бүркітбайдың айтуынша, фестивальге қатысудың өзі ерекше әсер қалдырған.

– “100 шымшыма” атты республикалық фестивальде Шона Смаханұлының аты шулы “Арандатқыштар” шығармасының желісі бойынша интермедиа дайындап апардық. Оған өзіміз кейіпкерлер қосып, барынша тақырыпты ашқымыз келді. Аталған сайыста “Үздік екінші пландағы бейне” номинациясымен марапатталдық. Тараз қаласында өткізілген сайыс жоғары деңгейде өтті. Алғаш барған күні бізді орналастырып, екінші күні көне Тараздың тарихи нысандарымен таныстырды. Солайша сайысқа бара отырып, рухани тұрғыда демалдық. Кейін ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі актер Жүсіп Ақшораев қазылық еткен сайыста өнерімізді көрсеттік. Жақында ғана құрылсақ та үздіктер қатарынан көріну біз үшін үлкен жеңіс, — дейді Фариза Бүркітбай.

“Мірдің оғы” әзіл-ысқақ театры облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығына, аудан басшылығына алғыстарын білдіреді.

– Жамбыл облысының жасап жатқан ерекше іс-шарасы өте құптарлық іс. Себебі Шона ағамыз қазақтың ұлтжандылығы үшін уақытын, денсаулығын аямай, бүкіл Алматыны аралап қазақ мектебін ашуға үлкен үлес қосқан тұлға. Ал тұлғаның есімі әрқашан ұлықталуы шарт, — дейді ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.

Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдеге Жамбыл облысы, Талас ауданынан келген “Талас” халық театры лайық деп танылды.

Ал І орынды – Маңғыстау облысы Қызылсай ауылы «Бозжыра» әзіл-сықақ театры, ІІ орынды – Түркістан облысы Келес ауданы «Күлкі терапеясы» халықтық театры,

ІІІ орынды – Абай облысы, Ақсуат ауданы «Ақсуат» халық театры иеленді.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу