“Zhas project” жобасына қалай қатысуға болады?

“Zhas project” жобасына қалай қатысуға болады?

Өңір жастарына өз идеяларын жүзеге асыруға гранттық қолдау көрсетіледі. Биыл “Zhas project” жобасы аясында облысымызда әлеуметтік пайдалы бизнес жобаларына бір миллион теңгенің 14 гранты бөлінеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында “Қазақстанның Экологиялық Қоры”ҚҚ жобасының үйлестірушісі Наурызбек Бірмағамбетов айтып берді. 

Бұл әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы NEET санатындағы 18-35 жастағы жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Жоба жастарды өз қоғамдастығының әлеуметтік-экономикалық өміріне және нәтижелі жұмыспен қамтуға көмектеседі.

“Қазақстанның экологиялық қоры – әлеуметтік салада 14 жылдық тәжірибесі бар ұйым. Биыл біздің ұйым “Zhas project”жобасының Қарағанды және Қостанай облыстарында іске асуына жауапты. Қор әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландырады. NEET категориясы – қазіргі уақытта жұмыссыз жүрген, білім жүйесімен қамтылмаған, яғни ешқайда оқымайтын жастар. Басты мақсатымыз -NEEТ санатындағы жастар арасында кәсіпкерлікті арттыру үшін қолайлы жағдай жасау”, – деді Наурызбек Бірмағамбетов.

Жоба жастарды қоғамның әлеуметтік-экономикалық өміріне баулып, іскерлік қоғамда өз мүмкіндігін сынауға мүмкіндік бермек.

Бұл жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысымен іске асады. 2022 жылы жоба Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында пилоттық режимде сәтті жүзеге асқан. 2023 жылы еліміздің барлық 20 аймағында іске қосылды.

“Жоба осы жылдың соңына дейін жалғасып, қараша айында осы уақытта жүзеге асқан үздік жобалар авторларының қатысуымен қорытынды форум өтеді. Жастарға берілетін гранттар тұрақты бизнесті бастауға жақсы негіз әрі бірінші қадамдарына нақты қолдау болмақ”, – деді Н.Бірмағамбетов.

Шағын гранттар конкурсына өтінім беру үшін веб-ресурста жеке тіркеуден өту, сауалнаманы толтыру және қажетті құжаттарды тіркеу қажет. 19 ақпаннан бастап +7777 870 2700  нөмірі бойынша жобаның бірегей жедел желісі іске қосылды.

Әсел ҚИБАШ

Жаңалықтармен бөлісу