Әдебиет апталығының үшінші күні “Жырлайды жан жүрегім жақсылықты” поэзия кешімен жалғасты. Онда жыр әлеміне енді қанат қаққан жас қаламгерлер өздерінің тырнақалды туындылары мен еліміздің ақын-жазушыларының шығармаларынан үзінділер оқыды. Арасында викториналық ойындарға кезек берілді.
Қатысушылар командаларға бөлініп, ұйымдастырушылардың дайындаған ребус сауалдарына жауап іздеді.
“Бұл апталық жыл сайын өткізіліп келеді. Апталықтың үшінші күнін поэзиялық кешке арнап отырмыз. Өңіріміздегі жас таланттарды жарыққа шығуына сеп болу үшін ұйымдастырылуда”, – дейді Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханасының қызметкері Алматай Нұрмағамбетова.
Поэзиялық кешке төл шығармасын арнап келген өрендердің бірі ақтөбелік Ақниет Құралқызы он жасынан шығармашылыққа жақын. Мектеп қабырғасында мектеп, Отан, ана тақырыбындағы шығармалары ұстаздары тарапынан жақсы бағаланды.
“Осы шығармашылық жолым арқылы жетістіктер мен армандарға жету жолындамын. Түрлі концерттер мен әдеби кештердегі өнер адамдарының өздерін сахнада ұстауы, шығармалары жаныма шабыт сыйлады. Содан осы өнерге келдім. Ең алғаш Отан, ана, мектеп тақырыбында, он төрт-он бес жасымнан елде болып жатқан мәселелерді жырға арқау етіп келемін”, – дейді жас ақын.
Ал Ерболат Зәйіттің поэзия әлеміне келгеніне көп бола қоймапты.
“Өзім Павлодар өңірінде туып-өстім. Өнерге деген құштарлығым бала жасымнан болғанымен, оныншы сыныптан бері ден қоя бастадым. Түрлі байқаулардың жеңімпаз, жүлдегері атандым. Өлеңдерімнің біразы махаббат, арулар жайында. Патриоттық сипаттағы Отан, ана жайлы да бірнеше тақпақтарым бар. Қазір математика мамандығына оқып жатсам да, көңілім әдебиетке ауып тұрады”, – дейді Ерболат.
Кеште өңірімізге белгілі Жандос Жүсіпбек, Абылай Мауданов, Аслан Қанғожин, Нұрқанат Құлабаев, Дәуренбек Әбдібеков сияқты орта буын ақын-жазушылар мен сөзіне ән жазылған Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Жолбарыс Баязит, Серік Тұрғынбеков, Ақылбек Шаяхметов, Серікбай Оспанов секілді т.б біртуар Тобыл-Торғай перзенттерінің туындылары орындалды.
Ақын, “Шабыт” фестивалінің лауреаты Абылай Мауданов ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді.
“Бұл іс-шара осымен екінші рет ұйымдастырылуда. Былтыр “Жырлайды жан жүрегім жақсылықты” поэзия кешіне жиырмадан адам қатысқан. Биыл форматы кеңейіп, көпшілік алаң сауда орталығында өтіп отыр. Сауда жасауға келген қарапайым тұрғындар да поэзия тыңдауға мүмкіндік алды”, – деді Абылай Мауданов.
Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Айбек Ғалымұлы
Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы