Жарнамаға ақы төлеп жүрсіз бе?

Жарнамаға ақы төлеп жүрсіз бе?

Қостанайда сыртқы көрнекі жарнаманы орналастырғаны үшін жергілікті қазынаға 109,3 млн теңге түскен.

Алайда, сыртқы жарнама қызметін тегін пайдаланып, төлем төлеуге асықпайтын тұлғалардың бары да белгілі болды.

 «2024 жылдың желтоқсан айында сыртқы көрнекі жарнаманы орналастырғаны үшін төленген қаражатқа аудит жүргізіп, 11 көшені аралап шықтық. Соның нәтижесінде 1059 жарнама нысаны анықталды. Олар жарнама қызметі үшін бюджетке ешқандай қаражат төлемеген. Сәулет бөлімі қала аумағында орнатылған Led-панелдер туралы осы уақытқа дейін бір де бір ақпарат бермеді. Мысалы, Назарбаев және Алтынсарин көшелеріндегі Led-панелдер жайында ақпарат жоқ. Уәкілетті органдар барлық жарнама объектілеріне төлемнің уақтылы мен толық жүргізілуіне, сондай-ақ мерзімінде ақпарат беру тұрғысынан түгендеу жүргізуі қажет», – деді Азамат Қожықов.

Қала әкімі Марат Жүндібаев кез-келген жерге рұқсатсыз жарнама іліп қою заңға қайшы келетінін айтты. Ондай деректер өте көп кездесетінін де мәлімдеді. Рұқсатсыз жарнама жабыстыру қаланың келбетін құртып қана қоймай, жарнама қызметі үшін төлем төлеуден қашудың, заңды аяққа таптаудың бір көрініс.

blank

 

«Біздегі барлық көшелерде қоршауларға, ғимараттардың сыртына жарнамалық мәтіндер жабыстырып қояды. Олай болмайды. Ресми рұқсат керек. Ондағы жарнаманың ақысын кім төлейді? Шынын айтқанда, сыртқы жарнамалардың басым көмшілігінде заңды тұрғыдан рұқсаттары жоқ. Карбышев-Чернышевский көшелерінің қиылысында тұрған қоршауға үлкен жарнама конструкциясын орнатып, оған «Сіздің жарнамаңызды орны» деп жазып қойыпты. Сәулет бөліміне аталған сыртқы жарнама тақтасының заңдылығын тексеруді тапсырамын», – деді Марат Жүндібаев.

Суреттерді түсірген Айдана МАРАТ