Бүгін «AMANAT» партиясы ҚОФ төрағасының орынбасары Жанар Куйшинова акцияға қолдау білдіріп, «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабын, жақын құрбысы «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Кенжеш Амановаға сыйға тартты.
«Кітап – тілсіз мұғалім. Бұл рухани акцияның басталып, қарқынды жүріп жатқаны жаныма майдай жағады. Өз тарапымнан да «Жақыныңа кітап сыйла» бастамасын» қолдап, жалғастыратын боламын. Сонымен қатар осы бағалы тұлғаның өмірі жайында жазылған кітапты маған тарту еткендеріңіз үшін алғысым зор», – деді Кенжеш Аманова.
Өзбекәлі Жәнібек – қазақ тарихы мен мәдениетін жаңғыртуға, ұлттың бай мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуге орасан еңбек сіңірген қайраткер. Ол – Алаш зиялыларын ақтау ісі, Наурыздың қайта тойлануы, Тайқазанның елге қайтарылуы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қалпына келтірілуі сияқты аса маңызды істерге бастамашы болды.
Қазақ тілін дамыту бағдарламасының мемлекеттік тұжырымдамасын жасауға қатысты. Елдегі көптеген музейлер мен театрлар, мәдениет орындары осы қайраткердің арқасында ашылды.
Сіздерді де акцияға белсене қатысуға шақырамыз!