Жангелдин ауданындағы «Жылы ұя» жекеменшік балабақшасы Жаңа жылда бір жылдығын атап өтеді.
Торғай шаһарындағы Сафарғалиевтар отбасылық бизнесі өсіп, өркендеуде. Биыл жеке кәсіпкерлік иелігіндегі көпсалалы оқу орталығының жұмысын дамыту үшін үкіметтен 5 миллион теңге қайтарымсыз грант алды. Бұл қаражатқа музыкалық аппаратура, домбыра, жетіген сынды саз аспаптары сатып алынды.
Техникалық базамен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Тағы бір дамытып жатқан саласы — балалардың шығармашылық орталығы. Ол жерде 150 бала талабын ұштап, өнерге тәрбиеленеді. Оқушылары биыл мамыр айында Тәшкентте өткен байқаудан бас жүлде алып келді.


Әрине, отбасылық бизнес бірден бұлай өркендеп кеткен жоқ. Екі мыңыншы жылдың басында жұрт қатарлы жеке саудамен айналысып, ұсақ-түйек сатып, кеңсе тауарларын өткізіп біртіндеп көтеріле берді. Екі – үш жылдан кейін азық – түлік дүкенін ашты. Әке тілегін ескеріп білім беру ісіне бетбұрды. Арада жиырма жыл өткенде пәндік олимпиадаларға оқушылар дайындайтын оқу орталығын дүниеге әкелді. Білікті ұстаздарды жұмысқа тартты. Орталыққа Адилья Асхатқызы жетекшілік жасайды. Орталықта қыздары Аиданың атында дәріхана жұмыс істеп тұр. Данияр есімді ұлдары студент. Үлкен қыздары Қарлығаш шетелде тұрады. Халықаралық деңгейдегі сертификат иегері. Әлемнің кез келген жерінде білім бере алады.

Уақыт өте келе аудан қажеттілігін ескеріп жекеменшік балабақша ашуға бет бұрды. Аудан басшылығының қолдауымен қарқынды іс жүргізді. 2024 жылы 42 миллион теңге инвестиция салып, 72 бүлдіршінге арналған 3 топтық «Жылы ұя» атты балабақша жұмысын бастады.
Жаңа балабақшаның ашылуы — ата – аналардың қолын ұзартты. Балалары ел қатарлы заман игілігін көретін болды. Демек, бұған дейін осынша бала үйде отырған болып шығады. Оның сыртында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Шынын айту керек, бұл адамдар да жұмыс іздеушілер қатарында болған.
«Қазір жұмыс нәтижелеріміз жақсы. Балабақшамыз облыста жақсы көрсеткіш көрсетіп, алдағы қаңтар айында өздерінің 1 жылдық тойларын атап өтпекші. Ұжым өзіндік жұмыс жоспарларына сай ата – аналармен, ата – әжелермен бірлескен топтар өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие берумен айналысуда», – дейді жеке кәсіпкер Асхат Надимұлы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Жангелдин ауданы
