Жаңа саяси кезеңнің өлшемі: Құрылтай ел басқару жүйесін қалай өзгертеді?

Жаңа саяси кезеңнің өлшемі: Құрылтай ел басқару жүйесін қалай өзгертеді?

Алдағы саяси науқан біздің елге таңсық емес. Бұған дейін мұндай тәжірибе болған. Пропорционалды сайлау жүйесі, әдетте, саяси мәдениеті жоғары, демократиялық дәстүрлері қалыптасқан мемлекеттерге тән. Мұндай пікірді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Жандос Сәрсенбеков білдірді, деп жазады Egemen.kz.

Саясаттанушының айтуынша, еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінде Құрылтайдың құрылуы мен оның қызметі саяси реформалардың маңызды кезеңдерінің бірі

«1995 жылға дейін еліміз бір палаталы Парламент жүйесімен өмір сүрді. Сол кезеңде оның жұмыс істеу ерекшеліктерін көрдік. Алайда сол уақыттағы Жоғарғы Кеңестің құзыреті әлдеқайда кең әрі ықпалды болатын. Қазіргі Құрылтайдың мәртебесі елдің саяси жүйесін жетілдіруге ықпал ететін маңызды институт ретінде бағалануға тиіс. Бірінші кезекте, бұл өзгерістер заң шығару жүйесін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Заң жобаларын қарау мен қабылдау үдерісі жеделдеп, мемлекеттік басқарудың тиімділігі артады. Екіншіден, сайлау жүйесіндегі өзгерістердің маңызы зор. Пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі партиялық жүйенің дамуына серпін береді. Бұл саяси партиялардың белсенділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың саяси мәдениеті мен саяси санасының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді», деді саясаттанушы.

Оқытушының пікірінше, пропорционалды сайлау жүйесі, әдетте, саяси мәдениеті жоғары, демократиялық дәстүрлері қалыптасқан мемлекеттерге тән.

«Мұндай елдерде сайлаушылар жеке тұлғаның танымалдығына емес, саяси партияның бағдарламасына, ұстанымына және ұзақ мерзімді даму жоспарына басымдық береді. Ал саяси дамуы орташа немесе төмен мемлекеттерде көбіне мажоритарлық жүйе қолданылады. Өйткені онда кандидаттың жеке беделі мен танымалдығы шешуші рөл атқарады. Дамыған демократиялық елдерде саяси ұйымдардың тұрақтылығы маңызды саналады. Партия құрамындағы тұлғалар өзгергенімен, оның бағдарламасы мен стратегиялық бағыты сақталып, қызметі жалғаса береді. Сондықтан пропорционалды жүйеге көшу – еліміздің саяси жүйесі мен саяси мәдениетінің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінің көрінісі деп бағалауға болады», дейді саясаттанушы.

Жандос Сәрсенбеков алдағы сайлаудан күтер үміт көп екенін жеткізді. Оның барлық саяси партиялар белсенділік танытып, бәсекеге толыққанды қатысса деген тілегі бар.

«Әр партияның өз қолдаушылары бар, сондықтан олардың Құрылтайда өз өкілдігін қалыптастыруға мүмкіндігі болуы керек. Сонымен қатар бірнеше партияның елеулі қолдауға ие болып, саяси алаңда түрлі көзқарастардың тоғысуына, ашық пікірталастардың қалыптасуына және баламалы ұсыныстардың көбірек айтылуына жол ашатынына сенім мол. Міне, дәл осындай саяси бәсеке мен пікір алуандығы қалыптасқан кезде ғана жүргізіліп жатқан реформалардың нақты нәтижесін көріп, олардың халықтың сұранысы мен үмітін ақтағанына көз жеткізе аламыз», деді саясаттанушы.