Жаңа ректор, жаңа көзқарас

Жаңа ректор, жаңа көзқарас

Өткен айда Рудный индустриалды университетіне жаңа ректор тағайындалған болатын. Білім ордасының басшысы болып Нұрбек Сапарходжаев сайланды. Ол бұған дейін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бірінші проректоры қызметін атқарған. Жаңа басшы алдағы жоспары туралы журналистермен кездесуінде кеңінен айтып берді.

Қазіргі таңда университетте мыңнан астам студент білім алады. Нұрбек Пажарбекұлы оңтүстік өңірлерде үгіт-насихат жұмысын үдетіп, студент санын үш мыңға жеткізуді көздеп отыр.

“Рудныйда ЖОО бар екенін оңтүстік өңірдегі ағайындар біле бермейді. Биыл, жұмысты бастап кетіп, келер жылы жалғастырсақ деген ойымыз бар. Яғни, студент санын үш мыңға жеткізсем деймін. Оған оқу орынның әлеуеті жетеді. Өздеріңіз білесіздер, білім ошағының тарихы тереңде. Биыл біз университеттің 65 жылдығын атап өтеміз. Негізгі іс-шараны күз айына жоспарлап отырмыз. Ал университеттің жай-күйімен етене таныспын. Ректор қызметіне кіріспес бұрын, директорлар кеңесінің төрағасы ретінде институт мәртебесін университетке өзгеруіне бастамашы болғандардың бірімін. Енді 2024-2025 оқу жылына бірінші кезекте қойып отырған міндетімнің бірі – жаңа идеяларды біртіндеп жүзеге асыру. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай, студент санын арттыруға күш жұмсау керек. Кеншілер қаласын жастармен бірге дамыту қажет деп есептеймін. Ол үшін мүмкіндік жетерлік. Университет базасында робототехника алаңы және басқа да заманауи жобалар баршылық. Соларды бірізді еті керек. Мысалы, ERG басшылығымен кездестім. Олар қай жағынан да қолдауға дайын екенін жеткізді. “ССКӨБ” АҚ  жоғары кәсіби мамандарды жұмысқа алуға мүдделі екенін айтты”, – дейді РИУ ректоры Нұрбек Сапарходжаев.

Ректор “ССКӨБ” АҚ бірлесіп білім беру бағдарламасын дамыту үшін барлық мүмкіндікті қарастырмақ. Университет базасында шетелдік жоғары оқу орнының филиалын ашып, түлектердің көкжиегін кеңейтуді де ойлап отыр. Сондай-ақ, шетелдік оқу орнының дипломдарын беру үшін зияткерлік топты біртіндеп қалыптастыруды қалайды. ЖОО-ның материалдық-техникалық базасына баса мән бермек.

“Өндіріспен, жергілікті компаниялармен, атап айтқанда, “ССКӨБ” АҚ-мен жұмысты күшейтуді қалаймын. Оқытушылар мен студенттер белгілі бір дәрежеде өндіріс үшін пайдалы ғылыммен айналысса деймін. Яғни қолданбалы зерттеулерді дамытуға атсалысуға. Зерттеудің соңғы нәтижиесі маңызды болмақ. Ол серіктес кәсіпорындарға қажетті өнім болуы керек. Министр де осындай міндет қойып отыр. Материалдық базаны жаңартып, жаңа құрылғылар сатып алу қиын емес. Бірақ қызметкерлер жабдықпен жұмыс істей алуы керек. Тарихи тұрғыдан алғанда, біз тау-кен металлургия кешеніне көбірек көңіл бөлеміз. Тиісті база сол бағытта қалыптасқан. Оны одан әрі дамыту шарт. Біздің ғалымдар Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірнеше жақсы гранттық бағдарламаларын жүзеге асыруда, оның аясында жабдықтар сатып алуға ақшалай қаражат бөлінеді. Осы бағытта жергілікті компаниялардың қолдауына ие болғымыз келеді. Оның үстіне университетте өте білікті, біраз елге танымал қызметкерлер бар. Бірақ бұл жерде мен мәселені ғылыми мектептің жоқтығынан көремін. Шетелдік оқу орындарында білікті профессорлар өздері үшін кадр дайындайды. Яғни, өздерінің ғылыми мектебін қалыптастырады. Зейнетке шыққан соң ізбасарлары жалғап алып кетіп отырады. Өкінішке қарай, бұл жерде ондай үрдісті көре алмадым. Бірақ дамытамыз, қалыптастырамыз. Жалпы, профессорлық-оқытушылық құрам жасақталған. Бірақ ұжымды біртіндеп жаңартып, тәжірибесі мен көп тілді меңгерген жас ғалымдарды шақырғымыз келеді”, – деп атап өтті РИУ ректоры.

Десек те, үлкен кадрлық өзгерістер жасалмайтынын айтты. Ұжымда қалыптасқан жүйені, ішкі ережені бұзуға болмайды. Бірақ өзгеріс болатыны анық. Жақында Астанада Шанхай Ынтымақтастық ұйымының жиыны өтті. Онда Ғылым және жоғары білім министрлігі Қытай тарапымен өзара іс-қимылды нығайтуға уағдаласты.

“Қытайдың техникалық жоғары оқу орындарының бірімен байланыс орнатпақпыз. Олардың ЖОО мамандарын өзімізге шақырғымыз келеді. Бірлесе кадр дайындаймыз. Сонымен қатар, бізде ресейлік жоғары оқу орындарының жақсы серіктесі бар. Оларды да тартамыз. Түлектеріміз еңбек нарығында сұранысқа ие болуы үшін жақсы білім игеруі керек. Өткен жылдан бастап Ғылым және жоғары білім министрлігі өңірлік жоғары оқу орындары үшін жеке квота әзірледі. Осы квота шеңберінде жеке техникалық және инженерлік кадрлар әзіргеуге мүмкіндігіміз болмақ. Егер талапкер ҰБТ-дан бастапты балл жинап, бірақ грантқа түсе алмаса, жекелеген талапкер осы квотаға бөлек өтініш бере алады. Тиісінше біз оған мемлекеттік білім беру грантымен пара-пар грант ұсынамыз. Олар біздің университетте тегін оқып, шәкіртақы ала алады”, – дейді Нұрбек Сапарходжаев.

Биыл ЖОО-на өңірлік квотаның 10-20 гранты бөлінген. Сондай-ақ, 1 қыркүйектен бастап шәкіртақы 20% өспек. Бұл да білім алам деген жас талап үшін жақсы демеу екені анық.

“Жақын арада оңтүстік өңірге сапарлаймын. Ол жақтағылар РИУ оқу орны бар екенін білуі қажет. Маман артық етпейді. Бір ғана “ССКӨБ” АҚ он мыңға жуық адамды жұмысқа алуға қауқарлы. Оның үстіне Ыстық брикеттелген темір зауыты іске қосылады. Оларға да маман қажет. Оқу орнын бітірген болашақ маман жұмыссыз қалмайды. Ең бастысы, жақсы игеріп шықса болғаны. Бұл жерде оқытумен қатар зертханалық тәжірибелерге аса мән берген жөн. Ол үшін материалдық базамыз мықты болуы керек. Қытайдан мамандарды алдыру ойымызда бар. Алайда, олар келгенде қажетті материалдық-техникалық базамыз талапқа сай болмаса, құр келіп кеткеннен пайда жоқ. Барлық жасаған ісіміз ауаға кетеді. Бұл жағынан алпауыт кәсіпорын демеу береміз деп отыр. Өкінішке қарай, Рудныйда соңғы кездері сырттан тартылған маман  саны өте аз. Бұл іспен ешкім айналыспаған деуге болады. Айталық, қызметкерлердің жұмыс істеуі үшін олардың өсуі туралы түсінік болған шығар. Бірақ мен басқаша ойлаймын. Құрамның жасарғанын қалаймын. Сол үшін де өзіммен бірге білікті бір маман алып келдім. Ол ғылым саласына жауапты болады. Бұл ісім университетте ұзақ жылдар қызмет істеген мамандарды ығыстыру емес. Олардың оқу орын тарихында өз орындары бар. Келген жас мамандар осы кісілердің бай тәжірибесін өздеріне сіңіріп қалулары керек. Осы тұрғыдан алғанда сабақтастық жалғасуы керек, – дейді ректор.

Жаңадан келген мамандар мен бітірген студенттерді баспанамен қамтып, тиісті жалақы алуы үшін барлық мүмкіндік қарастырылмақ. Жергілікті билікпен етене тығыз байланыс орнатып, мәселені шешуді қалайды.

“Әкімдікпен келістік. Олар бізге осы мәселеде көмектесуге дайын. Шынын айту керек, құр уәдеге ешкім келмейді. Сондықтан нақты  іске көшетін кез келді. Басқа жол да жоқ. Өзге ЖОО бізден озып кетті. Яғни, көптеген оқу орындары Америкадан, Ұлыбританиядан жетекші ЖОО-ның филиалдарын ашып алды. Олардың бюджеті, мамандары басқа. Осы тұрғыдан алғанда біраз дүниеден артта екенімізді мойындаймыз. Енді бізде соларды қуып жетіп, алдын орау міндеті тұр. Егер біз шетелдік білім беруді қарастырсақ, әртүрлі ғылыми-мәдени орталықтар болады, іс жүзінде түрлі зерттеулер жүргізіледі. Президент те өз сөзінде дәл осы, инженерлік-техникалық бағытты дамытуымыз қажет деп айтты. Мектеп және колледжбен тығыз байланыс орнатсам деймін. Болашақ түлектер мен колледж студенттері РИУ-ға келіп, түрлі зертханалық сабақтарға қатысып, қабілетін шыңдасын. Мектепті не колледжді аяқтаған соң алдағы бағдарларын біліп отырады”, – деп түйіндеді РИУ ректоры.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу