Мемлекет басшысы бұл туралы Ұлттық құрылтай кезінде мәлімдеме жасады.
«Ұсыныстардың төртінші бөлігі заң шығарушы органның жұмыс тәртібі мен рәсімдеріне қатысты болды. Жаңа Парламентте депутаттарды бес жылға сайлау көзделіп отыр. Заң қабылдаудың үш кезеңнен тұратын процедурасы ұсынылады. Депутаттар бірінші кезеңде заң жобасын жалпы мақұлдайды. Одан кейін өзгерістерді мақұлдайды, соңында заңды қабылдайды. Осылайша, біз Парламент қызметін түбегейлі қайта құру арқылы осыған дейін жүзеге асырылған саяси реформаларды одан әрі жалғастырамыз», – деді Президент.
Оның айтуынша, мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптастыруға күш салынады. Ол мұны басты мақсат екенін екпін сала айтты.
«Билік институттарының жаңа құрылымы баршаға бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрудың мызғымас негізі болмақ. Түптеп келгенде, біз бір қоғам болып қолға алған Парламенттік реформа еліміздің әлеуетін арттыратын болады. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқынын күшейтіп, сапасын жақсарта түседі. Мен Мемлекет басшысы ретінде бұған кәміл сенемін», – деді ол.
