Жаңа кітап жарық көрді

Жаңа кітап жарық көрді

Ақын, журналист, «Қостанай таңы» газеті редакторының орынбасары Аслан Қанғожиннің «Өлеңнен кейінгі өлең» атты тұңғыш жыр жинағы оқырман қауымға жол тартты.

Кітапта студенттік қойын дәптерден алынған өлеңдері жастықтың жарқылына ұласады. Осылайша, жүріп өткен жолын жырмен дестелеген талант иесі есейген шағын да кейінгі шығармашылығына арқау еткен. «Есейіп кетсем де» атты бұл бөлімге тырнақалды балладасы енгізіліпті. Бұл кітаптың ерекшелегі сондай, «Қостанай таңы» газетінің ұйымдастыруымен өткен жазба айтыстар жинақталған.

«Алғашқы кітабымды «Өлеңнен кейінгі өлең» деп атауымның себебі, шығармашылықта аздап үзіліс болып, содан туындаған оймақтай ой еді. Екіншіден, жинақта сол тақырыпта өлеңім бар. Өлең жазғаннан кейін жан дүниең рақаттанып тазарып қалатындай сезінесің. Сондай сәтте туындаған өлең еді», – дейді автор.

Иә, алдыңғы буын ұстазы Нұрқанат Құлабаев бағалап өткендей, Асланның өлеңдері арқырап-күркіреп, ақтарылып ақ көбік болып аласұрып жататын таудың өзеніндей асау емес. Керісінше, буырқасын мінезін ішке бұққан, сырт көзге сыр алдырмай баяу, байқатпай ағатын, бар қуатын тұңғиық тереңдегі алапат иірімдеріне жасырған дала өзеніне ұқсайды. Жинаққа оның әр мезгілде түрлі басылымда жарияланған көп өлеңдерінің ішінен өз қалауымен іріктеліп алынған таңдаулы жырлары ғана еніп отыр. Сондықтан бұл кітапты Аслан сияқты ақырын жүріп, анық басатын ойлы, сезімтал сыршыл шырайдың бірталай жылғы шығармашылық еңбегінің жемісі, ел назарына ұсынған есебі деп қабылдаған жөн.

blank

«Ұлттық мұрамыз жаңа рухани байлыққа кенелді деп қуанып осы жерге жиналдық. Ақындық жол бұл үлкен қасиет деп ойлаймын. Тегіннен-тегін екінің бірі өлең жазғанмен, жүректен шыққан туындыларын халыққа жеткізе бермейді. Осындай шығармаларды оқи отыра игі істер ойға оралады. Әлі де іс-шараларды қолға аламыз деп ойлаймыз. Асыланның «Өлеңнен кейінгі өлең» деген туындысы расында да осы қызметте жүріп, уақыт таппай қайта оралған шағы. Өзіңнің жыр шығаратын қасиетіңе бір кедергі қойма деп үнемі айтып жүретінмін. Осы бағыттағы еңбегінің жарыққа шыққанына өте қуаныштымын», – деді ол туралы «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының жанындағы «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы Кенжеш Оразғалиқызы Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен жаңа кітаптың тұсаукесерінде.

Ақын, Ақылбек Шаяхмет пен Жазушылар одағы облыстық филиалының жетекшісі Жанұзақ Аязбек кітаптың тұсауын кесті.

blank blank blank blank

Осы кітап жарық көрген «Қарлығаш» баспасының жетекшісі Әбутәліп Әмір алдағы уақытта жас ақын-жазушылардың шығармалар жинағы жарық көретінін айтты. Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Сералы МЫРЗАБАЙ