Жағдай жіті бақылауда тұр (ВИДЕО)

Жағдай жіті бақылауда тұр (ВИДЕО)

Кешелі бері Тобыл өзенің деңгейі біршама көтерілді. Ресей жақтан келіп жатқан су жағдайды одан әрі ушықтыра түскен. Дегенмен,  төтеден киліккен “тілсіз жауға” төтеп беруге тиісті мекеме мамандары тас-түйін әзір.

Өзен бойына жағалай күзет қойылған.

“29 наурыздан бастап Тобыл өзенінің бойында орналасқан негізгі су реттегіш функцияны атқаратын Жоғарғы Тобыл және Қаратомар су қоймаларынан су келе бастады. Сол уақыттан бүгінге дейін Жоғарғы Тобылға 375 млн 128 мың текше метр,  Қаратомарға 207 млн 906 мың текше метр су келген.  Қазіргі қолдағы мәліметке сәйкес, Жоғарғы Тобыл су қоймасы 93%-ке толған. Қаратомардағы су көлемі 74%- ке тең. Сондықтан,  суды ағызу көрсеткіштері сәт сайын өзгеріп жатыр. Сағат 12.00-дегі мәліметке сәйкес Жоғары Тобылдан секундына су 1,5 мың  текше метрден  жіберілсе, Қаратомардан секундына 500 текше метр су босатылып жатыр. Осыған дейін біздегі су қоймалары кесте бойынша жұмыс істеп тұрса, күннің күрт жылынуы жағдайды күрделендіріп жіберді. Қазір әлсін-әлсін бақылап, қадағалап отырмыз”, –  дейді “Тобыл-Торғай су бассейіні” инспекциясының бөлім басшысы Зейнегүл Ахметова.

“Казгидромет” филиалының гидрологиялық мониторинг мәліметтеріне қарағанда, еріген қар суы еселене түскен.  Мамандар су деңгейі әлі де көтерілуі мүмкіндігін жоққа шығармайды.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Жаңалықтармен бөлісу