Жағалай тасқын, бірақ ауылда су жоқ. Әйелдер қауымы шағым айтты

Жағалай тасқын, бірақ ауылда су жоқ. Әйелдер қауымы шағым айтты

Алтын дала ауылының аналары ашулы. Өйткені екі аптадан бері ауылда су жоқ. Ауыл тұрғындары редакциямызға хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтап беруді өтінді.

«Екі аптадан асты, су жоқ! Екі балам бар. Үлкенім 2-де, кішкентайым 6 айлық. Адам сияқты жуындыра алмай отырмын. Күнделікті жуылатын ыдыс пен кір киімдерді айтпай-ақ қояйын. Шаршадық. Әкімге шығып, жауап алып, журналистік зерттеу жасай аласыздар  ма? Ауылдың аналары шағым жасап жатыр. Қайта-қайта су ысытып отыру керек, не баланы дұрыс жуындыра алмаймыз, ыдыс бар, киім-кешек бар, оның үстіне, күн де ысып кетті. Балалар қозғалған сайын терлейді, өзіміз де солай, қарапайым душты да қабылдай алмаймыз. Білмеймін, өзімнің жүйкем жұқарып кетті», – делінген хатта.

Халықтың жанайқайынан Қостанай аудандық әкімдігі де хабардар екен. Баспасөз хатшысы Анар Қызыкенова бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары Бағдат Мұқанов толығымен түсіндіріп жауап беретінін айтты.

Көп ұзамай жауап та алдық. Сөйтсек, бәріне кінәлі – тасқын су. Соның кесірінен ауылға ауыз су бармай тұр. Қазіргі уақытта бәрі орнына келтірілуде. Бәрі жөнге келуі үшін бір аптадай уақыт қажет. Ал ауылдықтарға қажетті ауыз су тегін жеткізіліп жатыр. Бір күнде 7 текше су апарса, соның 4 текшесін ауылдықтар құйып алып, қалғаны қайтарылады екен.

«№1 және 2-қойма ауылдың іргесінде орналасқан. Ауылға осы жерден су жіберіледі. Су тасқынының алдында су тартқыш стансаны электр көзінінен ажыратқан едік. Бірақ тасқын кезінде судың деңгейі трансформаторға дейін көтерілді. Қазір ол жерде жұмыс істеу мүмкін емес. Су тартылғанымен, батпақ, өткел жол жоқ. Бірер күн бұрын барып, бақыладық. Судың қоры ауылға осы дүйсенбіге дейін жетті. Әрі қарай халыққа су тасып беріп отырмыз. Енді ол толық жөнделіп біткенше, күнара су тасып беріп тұрамыз. Ауылда ұңғымалар (скважина) бар. Ауыз су мүлде жоқ деуге келмейді. Алдағы аптада жол ашылған соң барып тазартамыз. Себебі су тасқыны кезінде ол жер түгелімен су астында қалды», – дейді ауыл әкімі Жанай Қайырбайұлы.

Оның сыртында, ауылға баратын жолда жеті баған құлаған. Оны да тұрғызуға мүмкіндік жоқ. Жағалай батпақ. Жер кепкен соң барлық шаруаны қатырамыз деп отыр әкімдік.

Мәселенің мәнісі осындай. Енді аналарға сәл уақыт шыдамдылық танытуға тура келеді.

«Ауылда мыңнан астым халық, 200-ден астам үй бар. Ауылдың ішінде тоғыз құдық бар. Онымен қоса, осы екі жүз үйдің жартысына жуығында су ұңғымалары бар. Сондықтан біз де қарап отырған жоқпыз, қолдан келгенді жеделдетіп дайындаймыз», – деп қосты Жанай Қайырбайұлы.

     Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу