Жабағы батыр басына зиярат етіп келушілерге арналып үй салынды

Жабағы батыр басына зиярат етіп келушілерге арналып үй салынды

Бейімбет Майлин ауданының батыс жақ бетіндегі қырдан орын тепкен Жабағы батыр қорымы қалың жұртқа жақсы мәлім. Ол – еліміздің киелі орындар тізімен енген бірден бір қорым. Таяуда батыр баба басына тәжім етіп келушілерге арналған зиярат үйі ашылды.

Еліне ес, дұшпанына сес болған Жабағы батырдың есімі мен ерлігі тарихтан белгілі. Аты аңызға айналған баһадүр ХVІІІ ғасырда өмір сүр­ген. Ол туралы ел арасында бүгінге дейін жеткен әпсана көп. Халқын жаудан қорғаған бабамыз батыр ғана емес, аруақ қонып, нар шөккен қасиетті тұлға ретінде де әспеттеледі. Оның мәңгілікке дамыл тапқан зиратына байланысты әңгімелер де ел аузында жүр.

Ертеректе осы маңда қазақ пен қалмақтың үлкен шайқасы болған екен. Сол жолғы соғыста қазақ қалмақты ойсырата жеңіпті. Соғыс барысында жараланған Жабағы Ипанұлы жарақатының жазылмасын сезіп, «Қырылған қалмақты анау төбеге көміп, соның үстіне мені жерлендер. Атаңа нәлет қалмақ тұрып кетіп жүрер, үстінен басып жатайын» деп өсиет етіпті. Жабағы батыр қорымының тарихи әңгімесі осылай өрбіген, –  дейді  белгілі ақын, ғалым Ақылбек Шаяхметов.

Жабағы батыр қыраты жай қорым емес. Ол – киелі, аруақты жер. Дертіне шипа іздеген жандар сонау жылдардан бері сол қорымға қонып, зиярат етуді әдетке айналдырған. Осы жайтты ескерген белгілі кәсіпкер, ел азаматы Бақберген Өтеулин  Жабағы батыр зиярат үйін салуды қолға алды. Құрылыс өткен жылдың шілде айында басталып, желтоқсан айының аяғында бітті. Таяуда аталмыш үйдің арнайы ашылу рәсімі болып, ас берілді, аруақтарға құран бағышталды. Оған  ақын, ғалым Ақылбек Шаяхметов, қоғам қайраткері Тоқтарбай Қадамбаев сынды зиялы қауым өкілдері, Торғайбай, Шакен, Ноян аталарымыз бастаған ауыл ақсақалдары, еңбек ардагері Амангелді  Қалиев, Владимир Бушкин, Сағынтай Түгелбаев сияқты кәсіпкерлер,  сондай-ақ бір топ ауыл азаматтары қатысты.

– Жалпы, жұмыс барасында болсын, арнайы сапарда болсын, киелі орындарға, әулиелер қорымына жиі барып жүрмін. Сонда байқағаным, сол жерлерде  зиярет ететін үйлер көп салынған. Жуырда Торғай мекеніндегі белгілі әулие, қожа кісінің басына бардық. Әлгі қорым ауылдан 40-50 шақырым жерде, яғни мидай далада жатыр. Сол қорымға келіп жүрген құрылысшы жігіттер келушілерге жайлы болсын деп жақсылап үй салып кетіпті. Жабағы батырдың қорымы ауыл іргесінде, «бізге неге осындай үй салмасқа?» деген ойға келіп, жазда құрылысты бастап кетіп едік. Міне, сол ой, мақсат бүгін орындалып отыр, – деді ас барысында Бақберген Қасымұлы.

«Қыран жемтігін шашып жейді, құзғын бауырына басып жейді» дегенемес пе. Өз шаруасынан гөрі елдің шаруасына бейім, қайырымы мол атымтай  азаматтың бұл игілікті ісіне жиналған көпшілік ризышылығын білдіріп , батасын берді, батыр баба ұрпақтары естелік сыйлықтар табыстады.Жабағы батыр зиярат үйі қазіргі  заманғы үлгіде салынған. Үйдің жалпы аумағы – 90 шаршы метр. Ішінде қонақ бөлмесі, асханасы, пеші бар.  Зиярат үйінің ауласы қоршалған. Аулада ас дайындайтын орын да қарастырылған.  Алдағы уақытта нысан маңына күн батереясы да қойылмақ, оның орны қазірден-ақ дайын. Жалпы айтқанда, зиярат етушілерге барлық жағдай жасалаған дуге болады.Зиярат үйін  аудандық мешіт қызметкерлері мен батыр баба ұрпақтары  қарауына алды.

 

Жаңалықтармен бөлісу