25 мая, 2025
Зауыттағы жұмыскерлердің ағайындары жақындарының жұмысымен танысты

Зауыттағы жұмыскерлердің ағайындары жақындарының жұмысымен танысты

Ауыздан естіген бір бөлек, көзбен көрген мүлде басқа. Қаладағы Allur автомобиль зауытында «Сен менің мақтанышымсың» жобасы аясында ерекше іс-шара өтті. Зауыт қызметкерлерінің ағайындары жақындарының жұмыс орнына барып, өндіріс ошағымен танысып, көліктерді қалай жинайтынын көзбен көрді.  

Бұл айтулы жоба өткен жылы бастау алған болатын. Бүгінде дәстүрге айналып келеді. Айта кету керек, бұл шараға «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының әйелдер көшбасшылары ерекше қолдау көрсетті. Олардың қатарында Әйелдер қанатының жетекшісі Гүлсара Жаманқұлова да бар.

 

«Біз ата-аналардың мектептер мен жоғары оқу орындарына барып, балаларын жетістіктерімен мақтанатынын әдетке айналдырғанбыз. Ал мұнда идея мүлдем өзгеше: енді балалар ата-аналарына келіп, олардың еңбегін, еліміздің дамуына қосқан үлесін көреді. Бұл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ерекше символикалық мәнге ие, өйткені жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және жас ұрпақтың еңбекке деген құрметін тәрбиелеу маңызды», – дейді Гүлсара Жаманқұлова.

Зауытты аралау алдымен кіре берістен басталды. Қонақтарды салтанатты түрде қарсы алып, зауыт жайлы және еңбек жағдайындағы сақтық шаралары туралы бейнеролик көріп алды. Зауытқа экскурсияны GR және PR қызметінің басшысы Саят Шаймұрынов жүргізді. Ол құрастырудың негізгі кезеңдері, технологиялық процесс және автомобильдерді жасаудағы әрбір қызметкердің рөлі туралы кеңінен айтып берді.

«Бірегей жобалардың бірі. Біз үшін әр қызметкердің орны бөлек. Мүмкін үйде жүргенде жақындарыңыз сіздерге зауыт туралы айтатын болар. Алайда, көзбен көрген мүлдем басқа әсер берері сөзсіз. Әр қызметкердің атқаратын ісі жауапкершілікті, тиянақтылықты қажет етеді. Жұмысшы мамандықтарының жылында, зауыт еңбеккерлерінің қызметі кеңінен насихатталуы қажет деп санаймыз», – дейді Саят Шаймұрынов.

Келушілер сондай-ақ, Allur University білім беру кеңістігіне барды. Онда кәсіби өсу мүмкіндіктері, оқыту бағдарламалары және компания тарихы туралы ақпарат берілді.

Қонақтар зауыт қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, өндірісті жоғары деңгейде ұстау үшін жаңа технологияларды қалай меңгеретінімен танысты. Аllur University басшысы, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының мүшесі және «Өндірістегі әйелдер» бағытындағы сарапшы Людмила Олкинян сөз алды.

 

«Сен менің мақтанышымсың» жобасы тек балаларды ата-аналарының жұмысымен таныстырумен шектелмейді, ол жаңа құндылықтарды қалыптастыруға көмектеседі – еңбекке деген құрмет, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсіну. Балалар ата-аналарының қаншалықты күрделі, бірақ маңызды еңбек атқаратынын көреді. Ал ата-аналар өз өмірін арнаған істеріне деген мақтанышын көрсетудің мүмкіндігін алады», – деп атап өтті ол.

Берік Сұлтанов зауытта дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Бұл жұмыста жүргеніне үш жылдай болыпты.

«Автокөлік шанағының қозғалтқыш бөлігін құрастырамыз. Төрт бекет бар. Яғни, қозғалтшықты орнататын орын әзірлеп тұрамыз. Бекіністерін бекітіп береміз. Қазіргі мамандығым осы – дәнекерлеуші. Күніне 35-40 шанақ алдымыздан өтеді. Жұмыс өзіме ұнайды. Зауыттың артықшылықтары көте көп. Ең бастысы қызметкерлерге жақсы жағдай жасалған», – дейді дәнекерлеуші Берік Сұлтанов.

Ал Ахарыс Әнбаға зауытта механикалық құрастыру жұмыстарының слесарі болып жұмыс істейді. Яғни, механикалық құрылғылар мен машиналарда құрастыру және мотаждау жұмыстарын жүргізумен айналысады.

 «Біздің бағытымыз механикалық жабдықтарды жинаумен байланысты. Яғни, көліктің пластик бөлшектерін, радиатор бөліктерін, шанақ жақтауларын орнатамыз. Мұнда таныстарым да жұмыс ісейді. Әрдайым бір-бірімізге көмектесіп тұрамыз. Негізгі мамандығым басқа еді. Мұнда жұмысқа орналасу үшін қосымша оқудан өттім. Қазір меңгеріп алдым. Қызық, әрі ұнайды. Бүгінде бір жылдан асып кетті», – дейді жас маман Ахарыс Әнбаға.

Жоба шеңберінде Ербол Жұманов та балдызының қызмет орнына келіп, жұмыс бабымен танысып қайтты.

«Алғашқы рет келуім. Балдызым зауытта зертханада жұмыс істейді. Көліктердің металын тексерістен өткізеді. Жалпы зауыт өте үлкен екен. Көліктердің әрбір бөлшегіне назар аудара отырып жасалғанын өз көзіммен көрдім. Экскурсия ұнады. Қызметкерлердің барлығына еңбектеріне табыс тілеймін», – дейді Ербол Жұманов.

Жобаның негізгі көздегені тек қана зауыт қызметкерлерінің жұмысымен отбасы мүшелерін таныстыру ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың кәсіби бағдарлануына, еңбекке деген құрметінің қалыптасуына, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге ықпал ету. Allur Қазақстан аумағында Chevrolet, Kia, JAC, Jetour, Hongqi және Skoda сынды әлемдік автобрендтерінің ресми өндірушісі, дистрибьюторы және серіктесі болып отырғанан ерекше атап өту керек.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК