Түйемойнақта жасөспірім балуандар арасында республикалық турнир өтті

Түйемойнақта жасөспірім балуандар арасында республикалық турнир өтті

Денисов ауданының орталығында еркін және әйелдер күресінен жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ашық республикалық турнир ұйымдастырылды. Жарыс белгілі жаттықтырушылар Б Дубиров пен Б Игисенов рухына арналды.

Биыл турнирге республикалық мәртебе беріліп, оған Қазақстанның әр өңірінен, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдерінен 330-дан астам спортшы қатысты. Жалпы 20-дан астам команда өзара мықтыны анықтады.

Жарыс барысында спортшылар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетіп, өз жаттықтырушылары үйреткен шеберлікті паш етті. Көптеген жанкүйерлер мен көрермендер жас спортшылардың жеңіске деген жігерін бақылап, әсерлі сәттердің куәсі болды.

Турнир 20 салмақ дәрежесі бойынша өткізілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және арнайы естелік мүсіндермен марапатталды, ал чемпиондар арнайы чемпиондық белбеуге ие болды.

Сонымен қатар, Б Дубировтың отбасы спортшылар арасында арнайы номинациялар белгілеп, жеңімпаздарға кішігірім сыйлықтар табыстады.

– Бұл турнир мен үшін өте маңызды жарыстардың бірі болды. Қарсыластарым мықты дайындықпен келген, әр белдесу оңай болған жоқ. Үшінші орын алғаныма қуаныштымын, бірақ келесі жарыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге тырысамын. Жаттықтырушыларыма және қолдау көрсеткен жанкүйерлерге үлкен рахмет, – дейді турнирдің қола жүлдегері Давид Тельман.

Денисов ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі Наталья Филатова жарыстың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің ауданымызда осындай деңгейдегі турнирдің өткізілуі – үлкен жетістік. Жыл сайын турнирдің ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны артып келеді. Биыл жарысқа Қазақстанның әр өңірінен және шетелден 330-дан астам спортшы қатысты. Бұл спорттың дамуына, жас балуандардың тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік береді. Барлық қатысушыларға, әсіресе, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге құттықтауымды білдіремін. Болашақта осындай жарыстар дәстүрлі түрде жалғасады деп сенемін, – деді Наталья Филатова.

Бұл турнир жас балуандар үшін үлкен тәжірибе алаңы болып, оларды алдағы жарыстарға шабыттандыра түсті.

Балауса Жүніс

Денисов ауданы

Жаңалықтармен бөлісу