Зорлық-зомбылыққа қатысты заңды күшейту керек

Зорлық-зомбылыққа қатысты заңды күшейту керек

Елімізде жыл басынан бері полицияға зорлық-зомбылық дерегіне қатысты 100 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Осылайша, тұрмыстық зорлық-зомбылық еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Отбасындағы жанжалдан басталып, зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттерден зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Қылмыстық статистика бойынша соңғы үш жылда тұрмыстық әлімжеттік көрген әйелдердің көрсеткіші 25 пайыздан асқан. Ішкі істер министрлігі соңғы он жылда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істің күрт көбейгенін мәлімдейді. Әсіресе, карантин кезінде тұрмыстық жанжал көрсеткіші 41,7 пайызға өскен. Отбасы ішіндегі зорлық-зомбылықтан әйелдерден бөлек, балаларға да күш көрсету тыйылмай тұр. Елімізде 14 жасқа дейінгі балалар әрбір екінші отбасыда не балабақшада зәбір көреді, мектеп оқушыларының үштен екісі қатарластарынан не болмаса мектеп мұғалімдерінен кемсітуге, не зорлық-зомбылыққа ұшырайтыны анықталған. Негізінен, зорлық-зомбылықтың ең көп көрсеткіші балалар үйі мен арнайы интернат мекемелерінде кездесетіні байқалған. Осы ретте әйелдер мен балалардың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық көруіне қарсы елімізде көптеген шаралар қолға алынған болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте талқыланды. Онда Президент: «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», – деген еді.

Нәтижесінде, «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы заңға сәйкес, зорлық-зомбылық физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық болып бөлінген. Яғни, әрбір жәбірленуші қол жұмсау әрекетінің алдын алып, құқық қорғау органдарына жүгіне алады. Бірақ көпшілік зорлық-зомбылық құрбандары әртүрлі жағдайларға байланысты полицияға шағым-арыз түсірмей жатады. Сондықтан көптеген жәбірлеуші жазаға тартылмайды.

Осы орайда айта кетер жайт, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ал­дын алу мәселесінде ең маңыздысы құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау екенін ескеріп, осы бағыттағы жұмыстар жүргізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Римма БЕКТҰРҒАНОВА,

            Қостанай облыстық Әйелдер күштері альянсының төрайымы

Жаңалықтармен бөлісу