Қазіргі заманда қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, рухани деңгейімен де өлшенеді. Осы бағытта елімізде игі бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – кітап оқу мәдениетін жандандыруды мақсат еткен «Кітап оқитын ұлт» атты республикалық жоба.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу, оқу мәдениетін арттыру және білім мен ой-өріс арқылы ұлттың рухани әлеуетін күшейту. Қанатқақты жоба бүгінде Қостанай, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында іске асырылуда. Аталған игі істің ақпараттық насихатын жүргізіп жүрген халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өңірдегі төрағасы, журналист, «Астана» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Заңғар Санай жобаның мән-маңызы жайында бізбен аз-кем пікірін бөлісті.
– Заңғар аға, жоба ережесімен таныстырсаңыз. Кімдер қатыса алады?
– Бұл жоба алты бағытты қамтиды. Оған келесі санаттағы оқырмандар қатыса алады:
1. Мектеп оқушылары – жалпы орта білім беретін мектептерде оқитын балалар.
2. Колледж студенттері – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының шәкірттері.
3. Жоғары оқу орнының студенттері – университеттер мен институттарда білім алып жүрген жастар.
4. Педагогтер – ұстаздар, оқытушылар және білім саласының қызметкерлері мен ғалымдары.
5. Әулеттер – ата-аналар, ата-әжелер және олардың балалары мен немерелері, яғни үш буын өкілдері.
6. Мемлекеттік қызметшілер – әртүрлі мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың мамандары.
Осы алты бағыт бойынша білім жарысына түсіп, жоба жеңімпазы атануға әр санат өкілінің мүмкіндігі бар.Соңғы мәлімет бойынша, жобаға қатысуға 55 281 адам тілек білдірген.
– Жобаның негізгі мақсаты қандай?
– Басты көзделген мақсат – оқитын ұлт қалыптастыру. «Кітап оқитын ұлт» – ұлттық жоба. Оның көксегені – оқитын, көзі ашық, көкірегі ояу, кітапқұмар оқырманы көп елдердің қатарына қосылу. Ендеше, оқыған ұлт – озған ұлт. Келешекте елдің ертеңі білімді, саналы болуы үшін бұл жобаны қолға алу – уақыт талабы.
– Оқырмандарды санатқа жіктеудің мәнісі неде?
– Біздің қоғамның негізгі тірегі осы аталған санаттар десек, артық айтқандық емес. Сондықтан олардың қатысуы өте маңызды. Мектеп оқушылары білімді болса, педагогтер өз білімін жетілдірсе, студенттер көзі ашық, ойы терең болса, ал үйде ата-аналар да кітап оқуға үлгі болса, бұл үлкен нәтижеге жеткізеді.
Мемлекеттік қызметшілердің де кітап оқуға деген ынтасы артса, қоғамның ұтары көп.
– Патриотизм, білімге құштарлық және сыни ойлау сияқты құндылықтарды дамыту үшін қандай шығармалар негізге алынды?
– Бұл бағыттағы кітаптардың тізімі өте кең. Арнайы сайт арқылы оқырмандар тізіммен таныса алады. Мұнда ұлт оқуға тиіс он кітап қағидасымен ел ішінде таңдалған туындылар бар. Бастысы, жоба кітап оқуға ұлттық сипат беру мақсатын көздейді. Кітап оқуды әдетке айналдырған адамды ойы ұшқыр, сөзі салмақты, мәдениеті жоғары тұлға дей берсек те болады.
– Оқушылар мен студенттердің көп қатысуы елдің мәдени-рухани дамуына қандай жаңашылдық әкеледі деп ойлайсыз?
– Бұл жоба – өте қажет бастама. Өйткені қазір көпшілік, әсіресе, жастар кітаптан гөрі телефонға көбірек үңіледі. Егер жоба жүйелі жалғасын тапса, еліміз оқуға, білімге құштар мемлекеттердің қатарына қосылады. Кітап оқу – мәдениетті қоғамның белгісі.
– Жобаның демеушісі туралы айтып өтсеңіз…
– «Кітап оқитын ұлт» жобасының негізгі серіктесі – Alageum Electric компаниясы. Ал жобаны тікелей жүзеге асырып отырған – «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры. Үйлестіру жұмысын «Аманат» партиясы жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Қостанай облысы әкімдігі де үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бұл – ұзақ мерзімге бағытталған жоба.«Кітап оқитын ұлт» – бүгіннің емес, болашақтың рухани бағдарламасы. Жобаға қатысушылар көбейіп, кітап оқу үрдісі қалыптасқан сайын еліміздің мәдени-рухани келбеті жаңарып, оқыған ұлттың жаңа дәуірі басталары сөзсіз.
Сұхбаттасқан – ҚӨУ студенті Олжас Ғабдімәлік
