Заңгерлер табиғатқа жанашырлық танытты

Заңгерлер табиғатқа жанашырлық танытты

Қоғамның құқықтық сауатын арттырып, заң үстемдігін қамтамасыз ету – заң саласы мамандарының кәсіби міндеті. Ал туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – баршаға ортақ азаматтық жауапкершілік. Осы орайда Қазақстан Республикасы Әділет органдары қызметкерлері күні қарсаңында Қостанай облысы Әділет департаментінің ұжымы заң қоғамдастығы өкілдерімен бірге «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.

Бұл жолғы игі бастама Қостанай ауданындағы жаңа ЭКО-саябақ аумағын абаттандыруға арналды. Тазалық жұмысына 200-ге жуық адам жиналып, жаңа экологиялық кеңістікті көркейтуге өз үлестерін қосты. Іс-шараға Әділет департаментінің қызметкерлерімен қатар Қостанай облыстық адвокаттар алқасының, «Зангер» Қостанай облыстық заң консультанттары палатасының, Қостанай облыстық жеке сот орындаушылары палатасының, Қостанай облыстық нотариаттық палатасының, Қостанай облысы бойынша Сот сараптамалары институтының, сондай-ақ ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының облыстық өкілдігінің қызметкерлері қатысты.
Сенбілік барысында қатысушылар аумақты тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Әріптестер өзара бірлесе еңбек етіп, саябақ аумағын ретке келтіруге атсалысты. Мұндай іс-шара ортақ іске жұмылумен қатар, түрлі бағытта еңбек ететін заң саласының мамандарына бейресми жағдайда пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісуге де мүмкіндік берді.Іс-шара соңында қатысушыларға ЭКО-саябақ аумағында шағын экскурсия ұйымдастырылды. Қонақтар абаттандырылған аумақтарды аралап, жоба туралы және оның алдағы даму жоспарлары жайында мағлұмат алды. Осылайша еңбекпен басталған күн саябақтың тыныс-тіршілігімен танысумен қорытындыланды. Айта кету керек, сенбілікке осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер де атсалысты. Қазіргі қызметкерлермен бірге бұрынғы әріптестердің бір сапта тұрып, ортақ іске үлес қосуы ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды. Бұл еңбек дәстүрінің жалғасып, аға буынның кейінгі ұрпаққа үлгі болып келе жатқанын аңғартатын жақсы бастама.
«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мәні де осындай ортақ істерден көрінеді. Экологиялық бастама қоршаған ортаның тазалығына назар аударумен ғана шектелмей, қоғам мүшелерін нақты іске жұмылдырып, туған өлкенің көркеюіне үлес қосуға үндейді. Бұл жолы заң саласының мамандары да жаңа ЭКО-саябақтың аумағын абаттандыру арқылы Қостанай ауданының тұрғындары үшін жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Қостанай облысы Әділет департаментінің басшысы Әлия Аманжолованың айтуынша, мұндай игі бастамалар ұжым үшін жақсы дәстүрге айналған.

«Қостанай ауданы бізге жаңа ЭКО-саябақтан аумақ бөлді. Біз оны абаттандыру жұмыстарына қуана қатыстық. Сенбілікке заң қоғамдастығының 200-ге жуық өкілі жиналды. Әсіресе, юстиция саласының ардагерлерін ортамыздан көру қуантады. Осындай іс-шаралар бізді біріктіріп, туған өлкеміз үшін ортақ игі іске бірге атсалысуға жол ашады», – деді ол.

blankТабиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау бір күндік міндет емес. Ал оны абаттандыруға жұмылған көпшіліктің еңбегі келешекке қалатын игі іске айналары сөзсіз. Бүгінде жаңа ЭКО-саябақтың бой көтеруі де осындай ортақ ниет пен нақты әрекеттің нәтижесі. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы бұл бастама заң саласы өкілдерінің кәсіби міндеттермен қатар, қоғам өміріне белсенді араласуға, туған жердің тазалығы мен көркеюіне жауапкершілікпен қарауға дайын екенін көрсетті.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – Әділет департаментінің баспасөз қызметі