Юбилейный, Береке шағын аудандарында жаңа емханалар пайда болады

Юбилейный, Береке шағын аудандарында жаңа емханалар пайда болады

Қала әкімі Марат Жүндібаев бүгін «Юбилейный» шағын ауданында салынып жатқан жаңа емханаға барып, оның құрылысымен танысты.

Бұл емхана қала аумағының Солтүстік-Батыс бөлігінде 45 мың тұрғынға қызмет көрсетіп, ауысымына 250 адам қабылдайтын болады.

Үш қабатты заманауи мекемені салуға 3 миллиард теңге инвестиция бөлінген. Емхана жоғары технологиялық жабдықтармен қамтылған. Рентген, УЗИ, эндоскоп, офтальмологиялық және ЛОР-аппараттары, томографтар және физиотерапевтік кабинет бар. Мекеме профилактикалық, шұғыл және жоспарлы медициналық көмектер ұсынатын кең ауқымды қызметтер көрсетеді.

«Жоба жүзеге асырылса, 350 жаңа жұмыс орны ашылады. Нысан биыл жазда пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, тұрғындар санының өсуіне байланысты Береке шағын ауданында тағы бір емхана салу жоспарлануда», – деді қала әкімі.

Оның құрамында күндізгі стационар бөлімі, жедел медициналық көмек пункті және стоматологиялық бөлім болады. Бұл халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен жеделдігін едәуір арттырмақ.

Жаңалықтармен бөлісу