Ықшам жазуға дағдыланайық

Ықшам жазуға дағдыланайық

Жеке-дара тұрып-ақ толық мағына беретін кейбір сөздерді қисынсыз жерде тіркеске айналдырып алатын әдетіміз бар. Оларды айқындауыш деуге де келмейді. Түсінікті сөзге сол мәндес ұғымды үстемелеу немесе басы артық анықтауышпен шұбалта беру – көбіміз қаперге алмай жүрген қателіктердің бірі. «ТүзеТілді» айдарының бүгінгі шығарылымында осындай олқылықтарға мысал келтіреміз.

«Ең біріншіден». Онсыз да әлдененің алғашқы екенін, бастапқылық мәнін білдіріп тұрған «біріншіден» дейтін қыстырманың алдына күшейтпелі шырайдың «ең» сөзін қолданудың қажеті жоқ. Ол («ең») әдетте сын есім тұлғасындағы сөздермен тіркес құрайды. Мысалы: ең төмен(гі), ең үздік, ең нашар, ең көп, ең терең… Осы секілді «ең алғаш(қы) рет», «ең тұңғыш», «ең әуелі» деу де дәл сондай қате.

 

 «Артқа шегіну», «жоғарыға өрмелеу». Қазақ тілінде үстеудің көмегінсіз-ақ толық мағынаны беретін етістіктер бар. «ТүзеТілдінің» осыған дейінгі бір шығарылымында кіреберіс есіктерде жазылып тұратын «өзіңе, өзіңнен» дейтін калька аудармаларды сөз еткен едік. Кейінірек әлдебір ғимараттан «өзіңе тарт, өзіңнен итер» деген аударманы көзіміз шалды. Бұл жерде жай ғана «итер, тарт» деп жазылғаны дұрыс. Сол секілді «артқа шегінді, төменге құлады, жоғарыға өрмеледі» дейтін тіркестерге де әбден үйреніп кеткенбіз. Зер салсаңыз, алға шегінбейтініміз, жоғарыға құламайтынымыз, төменге өрмелемейтініміз белгілі емес пе? Сондықтан жай ғана «шегінді, құлады, өрмеледі» деген етістіктерді басы артық үстеулерсіз қолдансақ, онымыз кемшілікке саналмас еді.

 

«Қостанай қаласында/Қостанайда». Үнемі «Қостанай қаласы», «Рудный қаласы», «Лисаков қаласы» деп тіркестіріп жаза беруден де арылған жөн сияқты. Өйткені олардың ауыл емес екені онсыз да белгілі ғой. Мысалы: «Рудныйда жаңа мектеп ашылды», «Қостанайда он көше жөнделді» деп ықшамырақ жазсақ, ыңғайлы оқылар ма еді. Ал әңгіме қала атауынан тамыр алатын басқа да әкімшілік статусқа байланысты болса, онда оларды ажыратып, атап-түстеу қажеттігі туындайды. Мысалы: Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Қостанай көшесі. Бұдан бөлек, басқаларды былай қойғанда, «Қостанай қаламызда» деп жазатын, сөйлейтін әріптестеріміз бар. Бұл жерде «қала» сөзіне тәуелдіктің көпшеленген І жағын қолдану мүлдем қисынсыз. Дұрысы – «Қостанай қаласында». Ал «қаламызда» формасын қаланың атауы көрсетілмей тұрса ғана қолданған орынды болады.

 

«500 АҚШ доллары». Осы бір валюта туралы сөз болса, алдына мемлекетін қосып жазуды міндет көреміз. Бұның кейде «500 Қазақстан теңгесі» немесе «500 Ресей рублі» деген секілді көрінетіні бар. Көп жағдайда сөз АҚШ валютасы туралы болатыны белгілі ғой. Ендеше, неге жай ғана «500 доллар» демеске? Рас, Канада, Аустралия сияқты елдердің мемлекеттік қазыналық билеті де «доллар» деп аталады. Егер алда-жалда әңгіме осы елдердің валютасы жөнінде бола қалса, онда «500 Канада доллары» немесе «500 Аустарлия доллары» деп, өзімізге үйреншікті АҚШ долларынан айырмашылығын айқындап жазуға болар еді.

 

«Концерттік іс-шара». Біздіңше, бұл да қате тіркес, калька аударма. Былай қарасаңыз, концерттің өзі іс-шара емес пе. Мұны «концерт залы», «концерт бағдарламасы/концерттік бағдарлама» деген тіркестермен қатар қоюға болмайды. Өйткені бірі концерт өткізуге арналған залды меңзеп тұр. Ал екіншісі «концерттің құрылымы, сценарийі» деген мағынаға саяды. Сондықтан біз сынға алып отырған тіркестің орнына жай ғана «концерт» сөзін қолданған дұрыс. Тым болмаса, «мәдени іс-шара» делінгені жөн. Осыған ұқсас жиі кездесетін «рейдтік іс-шара» деген де қате тіркес. Тіпті қандай да бір мәселеге қарсы ұйымдастырылатындықтан, рейдтерді «іс-шара» емес, «шара» дейміз.

 

Естеріңізге сала кетейік, «ТүзеТілді» айдары Қостанай қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен жарық көріп келеді.

 Әзірлеген – Жандос ЖҮСІПБЕК

Жаңалықтармен бөлісу