“Қостанай таңы” газетінің төл жобасы – “ТүзеТілді” айдары You Tube арнасында жарияланып жатыр. Екінші шығарылымда қазақ тіліндегі ағат айтылып, қате жазылып жүрген сөздер мен тіркестер талқыланды.
Қазақ тілінде ұқсас болғанымен, синоним секілді көрінгенімен, екі түрлі мәнде қолданылатын сөздер бар. Сондай-ақ күрделі есімдерді жаппай қосып жазу әдеті пайда болды. Оның сыртында, кіріккен сөздердің, орфографиялық заңдылығы, көп жағдайда сақтала бермейді. Жоба авторы осы аталған қателіктерге нақты мысалдар келтіріп, дұрысы мен бұрысын анықтап айтады. Мәселен, іс-шара мен шараның, мереке мен мейрам, “өкінішке орай” мен “өкінішке қарайдың” және басқа да сөздердің айырмашылығын талдаған. Қосылып және бөлек жазылатын сөздерге де нақты мысалдар келтірген.
“ТүзеТілді” жобасында әлі көптеген қателіктер сын садағына ілініп, сан алуан тақырып, түрлі мәселе қозғалады. Оқырмандардан ұсыныс, пікір түсіп жатса, міндетті түрде ескеріледі. Бастысы, ана тілімізге жауапты, сауатты болуға үн қоса алсақ, мақсатымыздың орындалғаны”, – дейді жоба авторы әрі жүргізуші Жандос Жүсіпбек.
Айта кетейік, жоба Қостанай қаласы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тапсырысымен жарық көріп жатыр. “ТүзеТілді” айдары газетімізде былтырдан бері тұрақты түрде жарияланып келеді.