Ол күні кеше жобада жоғары дәреже көрсетіп, бес миллион теңге ұтып алған еді.Ұлпан X Factor Kazakhstan жобасының оныншы маусымында дауыс берушілердің 35,34% жинаған. Финалда “Құсни Қорланды” жеке дауыста орындап, көпшіліктің көзайымы болды.
Әнші қызды күтіп алуға өнер иелері, “Қазақ аналары дәстүрге жол” облыстық филиалы, әріптестері мен жалынды жастар келді.
«Көңіл-күйім өте керемет. Жерлестер, достарым, ағайын-туысқандар осылайша мені ерекше күтіп алады деп ойлаған жоқпын. Дәл қазір менен асқан бақытты адам жоқ. Жоба әділ өтті. Менің негізі ешқандай музыкалық білімім жоқ. Кішкентай кезімде әкем екеуміз бірге ән айтатынбыз. Өнер жолы әкем арқылы дарыды деп ойлаймын. Сонымен қатар тәлімгерім Ділназ Ахмадиева да өнерге деген құштарлығымды оята білді. Жобада қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жалпы саны он беске жуық ән орындадым. Бұл тек менің жеңісім емес, барша қазақстандықтардың жеңісі. Қолдау білдірген жерлестеріме, бәріне алғыс айтамын», – дейді жеңімпаз Ұлпан.
Бұл жеңімпаз қыздың жүрегінен шыққан шынайы сөзі. Ал оның жетекшісі Айсұлу Тұтқышеваның айтуынша, жеңіске жету жолы оңай болмаған.
«Әне-міне дегенше Ұлпан қызымыз бас жүлдені жеңіп алды. Шын мәнінде барлығы жеңіл болып көрінуі мүмкін. Алайда жеңіс ешқашан оңай жолмен келмейді. Өте қиын болды. Себебі жоба соңы қалай аяқталатыны белгісіз еді. Нәтижені айтар сәтте бойымызды түрлі сезім биледі. Бірақ бәрі жақсы екеніне көзіміз жеткесін қуандық. Алға қойған жоспарларымыз туралы ұшақта талқылап, әңгімелестік. Әзірге аздап демалып, үзіліс жасағанымыз дұрыс. Одан әрі дамуға, шығармашылыққа көңіл бөлеміз деген ойымыз бар», – деді Айсұлу.
Әуежайдан күтіп алушылардың арасында Ұлпанның анасы Эльвира Алматова да бар.
«Қазақта “Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады” деген сөз бар. Мен де қызымның жобаға қатысып, әрбір сахнаға шыққанында іштей тілекші болып отырдым. Ұлпан мектепте оқып жүрген кезінен бастап ән айтты. Әрине, оңай ештеңе болмайды. Кішкентайынан әкесі Қанат марқұммен бірге домбырамен ән айтатын. Қызымды барша қазақ елі қолдады. Тілекші болған адамдарға айтар алғысым шексіз», – дейді жеңімпаздың анасы.
Ұлпан Әулиекөл ауданына қарасты Қазанбасы ауылының тумасы. Қазіргі таңда Ұлттық сараптама орталығында бактериялық лабараторияда лаборант болып жұмыс істейді. Мәдениет саласында жүрмесе де, өнерпаз қыздың алға қойған арман-мақсаты көп. Өзінің айтуынша, болашақта жеке клипін түсіру ойында бар.
«Елге өнерімді танытып, жақсы қырыммен көріндім деп ойлаймын. Келер күнге жоспар жетерлік. Соның бірі, жеке клипімды шығарып, елдің батасын алу. Ал арнайы берілген бес миллион теңгені қандай бағытта жұмсайтынымды әлі ойланбадым», – дейді Ұлпан Жұмабек.
Бейбіт НҰРМҰХАНОВ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев