Университет ұстаздары қанша жалақы алады?

Университет ұстаздары қанша жалақы алады?

Қостанай өңірлік университетінің ректоры есеп берді. Онда өткен оқу жылындағы жұмысының қорытындылары мен ағымдағы оқу жылына арналған міндеттері талқыланды. Университет ректоры Сейтбек Қуанышпаев есепті кезеңдегі жұмысының қорытындысы және 2024-2025 оқу жылына арналған жаңа жобаларымен таныстырды.
Өңірлік университеттің негізгі міндеті – өңірді сапалы білім беру арқылы білікті кадрлармен қамтамасыз ету екені сөзсіз. Жоғары оқу орнының барлық процестері білім алушылардың саны мен сапасымен тығыз байланысты. 2023 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда жалпы контингент 784 адамға, яғни 10%-ке өскен.

“Білім алушылар контингенті 8362 білім алушыға дейін өсті. Олардың үш жарым мыңнан астамы мемлекеттік грант есебінен білім алуда. 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қызметкерлердің штаттық саны 1059 адамды құрайды”, – деп атап өтті ректор.

Осы жерде айта кететіні, профессор-оқытушылар құрамының жалақысы да студенттердің контингентіне, яғни оқуға қабылдауға тікелей байланысты болып тұр.

Қаржылық мүмкіндіктерді ескере отырып, жалақы жыл сайын артып келеді. Бүгінде профессор-оқытушылар құрамының орташа жалақысы 378,0 мың теңгені құрайды.

“Өткен жылдағыдай, облыс түлектерінің жартысы бізге келіп түсті. Оқуға түскендердің арасында 25 студент «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының гранттарымен түскен. Әлеуметтік серіктестік те нәтиже беруде. Baitursynuly University-дің 33 талапкері Freedom Grants әлеуметтік жобасы аясында білім беру гранттарының иегерлері болды”, – деді бұл туралы оқу орын басшысы.

Былтыр колледж базасында 88 студент грантқа қабылданды. 2024 жылы құжаттарды тапсыру ережелері туралы уақтылы және сапалы ақпараттандырудың арқасында студенттердің осы санатындағы білім беру гранттарының иегерлері екі есеге жуық артты, яғни 170-ке дейін өскен.

“Біз талапкерлерді қабылдау тұрғысынан өз позициямызды жақсарттық, бірақ осы уақытқа дейін контингентті сақтауды үйренбедік. Сессия қорытындысы бойынша оқудан шығаруды азайту үшін педагогикалық табандылық, уақтылы талдау, техникалық және кәсіптік білім және жоғары білім базасында білім алушыларда бағалау критерийлерінің өзгеруі қажет”, – деді бұл туралы Сейтбек Қуанышпаев.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу