Қостанай қаласындағы №874 учаскенің сайлаушылары да асқан белсенділік танытып жатыр. Ол жөнінде комиссия өкілдері мәлімет берді.
Учаскедегі сайлау комиссиясының төрағасы Орынкүл Баяхметова үшін мойнына жүктелген жұмыс – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет.
– Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы болу мен үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік. Біздің басты міндетіміз – сайлау процесінің заң талаптарына сай, ашық әрі ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз ету, – дейді Орынкүл Балғабайқызы.
Оның айтуынша, №874 учаскеге тіркелген сайлаушылар саны — 2573. Қазіргі жағдай бойынша 500-ге жуығы дауыс беріп үлгерген. Туған күн иелері мен 16 жасқа енді толып, алғаш дауыс берген сайлаушыларға сыйлықтар бар.
Орынкүл Балғабайқызы сайлаушылардың белсенділігі елдегі азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрсеткіші екенін атап өтті. Оның пікірінше, әсіресе жастардың сайлау процесіне белсенді араласуы өте маңызды.
– Әр азамат өзінің дауыс беру құқығын пайдаланып, елдің болашағына қатысты таңдау жасауға жауапкершілікпен қарағаны жөн. Жастардың қоғамдық өмірге араласуы – жақсы үрдіс, – дейді ол.
Комиссия төрағасы үшін бұл жұмыстың ең маңызды нәтижесі – сайлаушылардың өз құқықтарын еркін пайдаланып, сайлау процесінің ұйымдасқан түрде өтуі.
Орынкүл ханым сайлаушыларға ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын саналы түрде жасауға шақырды. Оның айтуынша, сайлау – әр азаматтың ел өміріне араласуына мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық үдеріс.
Бақылаушылар да өз міндеттерін тиянақты орындап, жауапкершілікпен үйлестіріп отыр. Олар сайлау процесі қалыпты жағдайда өтіп жатқанын, ешқандай заң бұзушылықтар тіркелмегенін сөз етті.
«Учаскеге келіп жатқан сайлаушылардың белсенділігі жоғары. Дауыс беру тәртібі сақталуда, сайлаушылар өз таңдауын еркін жасап жатыр. Әсіресе алғаш рет дауыс беруге келген жастардың белсенділігін атап өткен жөн. Жалпы, сайлау учаскесіндегі ахуал тұрақты, ұйымдастыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуде», — дейді №874 сайлау учаскесінің бақылаушысы Динара Әлжикешова.
№874 учаскеде таңсәріден-ақ сайлаушылардың қарасы үзілген жоқ. Өз таңдауын жасауға келген тұрғындар дауыс беру рәсіміне жауапкершілікпен қарап, азаматтық белсенділіктерін танытуда.
«Бүгінгі сайлау – әр азамат үшін маңызды күн. Өйткені бұл тек өз таңдауымызды білдіру емес, елдің ертеңіне деген жауапкершілігімізді таныту деп білемін. Құрылтайдың маңызы да осында – ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, халықтың үніне құлақ асатын, бірлік пен ортақ мақсатты айқындайтын маңызды алаң. Сондықтан ел тағдырына бейжай қарамай, сайлауға қатысып, өз таңдауымызды жасау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз», – дейді сайлаушы Зеникамал Керібаева.

Ботагөз Манет,
Суреттерді түсірген — автор
