Ел бойынша 20:00-де сайлау учаскелерінде дауыс беру уақыты ресми аяқталды. Қостанай қаласындағы №866 сайлау учаскесінде де дауыс беру рәсімі аяқталып, комиссия мүшелері бюллетеньдерді санауға кірісті.
Сайлау күні бойы учаскеге келген азаматтар өз таңдауларын жасап, дауыс беру тәртібіне сәйкес бюллетеньдерін арнайы жәшікке салды. Учаске жұмысы белгіленген талаптарға сай ұйымдастырылды.
Мұнда бірінші болып дауыс беруге келген тұрғындарға, туған күн иелеріне де сыйлықтар берілді.

— Біздің сайлау учаскеде 2254 сайлаушы дауыс беру құқығына ие. Тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Бір отбасыдан 4-5 адамнан келгендер болды. Таңғы 6:30 дан келіп алғандар болды. Алғашқы келген кісіге сыйлық берілді. Төрт туған күн иесі келді. 20:00-де дауыс беру ресми жабылды, – дейді №866 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Гүлжан Искакова.
Дауыс беру аяқталған соң комиссия мүшелері учаскеде қажетті рәсімдерді жүргізіп, бюллетеньдерді санауға кірісті. Бұл кезеңде сайлау комиссиясының жұмысы ашық түрде өтіп, дауыс санау барысы тиісті тәртіппен жүзеге асырылуда.

Сайлаудың қорытынды кезеңі саналатын дауыс санау барысында әрбір бюллетень мұқият тексеріліп, берілген дауыстардың саны анықталады.
Осылайша, №866 сайлау учаскесінде сайлаушылардың дауыс беру кезеңі аяқталып, ендігі кезекте ел азаматтарының таңдауы қорытындыланатын жауапты сәт басталмақ.
