Учаске дайын, тұрғындар хабардар

Учаске дайын, тұрғындар хабардар

Денисов тұрғындары да алғаш рет аудан әкімін сайлағалы отыр. 5 қараша күні 28 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Бүгінде осы өңірде 11 мың сайлаушы тіркелген. Халық алдағы науқанда қаншалықты белсенділік танытады, оны сайлау нәтижесінен көретін боламыз.

– “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституциялық заңның 113-5-бабына сәйкес, Денисов ауданының әкіміне кандидаттар тіркелді. Үміткерлерді тіркеу туралы ақпарат аудан әкімінің ресми сайтында, баспасөз беттерінде жарияланған, – дейді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ирина Важничая.

Бүгінде кандидаттардың сенім білдірген 74 тұлғасы тіркелген.  Қазіргі таңда кадидаттардың үгіт-насихат жүргізуіне санаулы күндер қалып отыр. 4 қарашаға дейін әлі де сайлаушылармен кездесуге мүмкіндіктері бар. Сайлау комиссиясы тұрғындарға дауыс беретін орындары мен өту уақыты жайлы ақпаратты барынша хабарлап, жеткізіп отырған көрінеді. Бұл туралы И.Важничая мәлім етті.

«Учаскелік сайлау комиссиялары 16 қазаннан бастап жұмысқа кірісті. Комиссия сайлаушыларының тізімі 15 қазанда алынды. Қазіргі уақытта барлық сайлау учаскелері байланыспен толық қамтамасыз етілді және барлық қажетті заттар (кеңсе техникасы, компьютерлер, кеңсе тауарлары, ақпараттық плакаттар, тіркеу журналдары, шақыру қағаздары және басқа да бланкілік өнімдер) алынды», – дейді төраға.

№ 353 сайлау учаскесі Некрасов ауылы Школьная көшесі, 2 шығармашылық үйінің ғимаратында орналасқан. Сайлау комиссиясы бірінші қабатта, мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына қолайлы. Сайлау учаскесі орналасқан ғимаратта учаске нөмірі жазылған белгі және сайлау күнтізбесі  талапқа сай бекітілген.

«Техникалық жабдықтар, жасырын дауыс беруге арналған кабиналар, сайлау комиссиясының мүшелеріне арналған үстелдер, орындықтар, дауыс беруге арналған жәшіктер орналастырылды, байқаушыларға, сенім білдірілген адамдарға және бұқаралық ақпарат құралдарына арналған орындар белгіленді, стенд ресімделді. Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жабдықталған орын бар», – дейді И.Важничая.

Аудан аумағында мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың барлығы 35 адам. Ерекше қажеттілігі бар жандардың дауыс беруі үшін қолайлы жағдай жасалып отыр. Барлық учаскелер пандустармен жабдықталған.

Әсел ҚИБАШ

Жаңалықтармен бөлісу