Кейінгі кезде Қостанайда электр қуаты жиі сөндіріледі. Мұны “ЭПК-Форфайт” ЖШС мамандары жөндеу жұмыстарымен байланыстырады. Өйткені, облыс орталығындағы электр желілерінің 80%-і ескірген.
Қостанай электр желілері компаниясы басшыларының айтуынша, биыл алты нысандағы, жалпы ұзындығы 13 шақырымдық әбден көнеріп, үзілуге шақ тұрған жалаңаш сымдарды СИП-ке ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ, бұрынғы ескі ағаш бағандардың орнына 415 темір-бетон баған орнатылды. Аспалы аппаратуралар айырбасталып, жерге қосылған контурлар монтаждалған. Он бес нысанда ұзындығы 10 шақырым он кило вольттық кабель желілері ауыстырылды. Ал он тоғыз нысанда ұзындығы 3 шақырым 200 метрлік 0,4 киловольттық кабель жаңартылды.
– Сонымен қатар, алты қосалқы станциядағы ескі жабдықтар жаңа қуатты транформаторларға ауыстырылды. Қазіргі таңда инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асқан жұмыстардың 95% -і аяқталды. Бұл облыс орталығындағы апаттық жағдайларды төмендетуге септігін тигізеді. Халық тұтынып отырған электр энергиясының сапасы жақсарады әрі техникалық шығындар азаяды, – дейді Қостанай электр желілері компаниясына қарасты “ЭПК-Форайт” ЖШС-нің директоры Есет Алиев.
Қостанайдағы электр қуатын тарататын қосалқы станцияларда тұрған транформаторлар ортнатылғалы бері ауыстырылмаған. Мәселен, КЖБИ шағын ауданындағы РП-6 қосалқы станциясы іске қосылғалы алпыс жылға жуықтаған. Инвестициялық бағдарламаның арқасында мұнда жаңа трансформаторлар орнатылды. Жалпы, биылдыққа атқарылатын мұндай жұмыстардың ауқымы өте үлкен. Бұған тариф есебінен 408 млн теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.
“ЭПК-Форфайт” мамандарының сөзінше, 2011 жылдан бері облыс орталығында 19 756 электр қуатын есептегіш бар. Биылдың өзінде компания есебінен қала іргесіндегі Аманкелді ауылында 315 есептегіш құрал орнатылыпты. Бұл шалғай шағын аудандардың бірі болғандықтан, бақылаушылардың бар уақытын алады. Қазір енді олар бұрынғыдай екі ортаға сабылмай, бәрін автоматты түрде бақылап отырады. Әрі электр қуаты ұрланбайды.
Айта кету керек, Қостанай электр желілері компаниясы алғаш рет инвестициялық бағдарламаны 2011 жылы қолға алды. Тек, 2017-2020 жылдары үзіліп қалған бұл бағдарлама соңғы үш жылда қайта жанданды. Осы үш жылдың өзінде облыс орталығындағы электр желелілері, электр энергиясын тарататын қосалқы станциялар мен кабельдік желілердің тең жартысына жуығы ауыстырылды. Алдағы уақытта мұндай ауқымды істер жүйелі түрде жалғаса бермек.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ